Алматыдағы «Бақытты отбасы» орталығы көпбалалы отбасыларды қолдауға дайын

Бүгін елде – Отбасы күні. Қазақстанда көпбалалы немесе аз қамтылған отбасылар аз емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осындай жанұяларға қолдау көрсету мақсатында 2019 жылы Алматыда «Бақытты отбасы» орталығы ашылған болатын. Қазір қалада осындай тоғыз орталық жұмыс істейді. Екі жылдан бері «Бақытты отбасы» орталықтарында 50 мыңнан астам адам әртүрлі көмек алған. 

Бес баланың анасы 34 жастағы Жәния Абдуллақызы 2019 жылдан бері Медеу ауданындағы «Бақытты отбасы» орталығында жұмыс істейді. Ол бүлдіршіндерге ағылшын тілінен сабақ береді. Отағасымен ақылдаса келе балаларымыздың болашағы үшін екі жақтан еңбек ету керектігін түсіндік. Осы уақытқа дейін 3 мыңнан аса оқушының білім деңгейін көтеріп, ата-аналарының алғысын алдық. Бұйыртса жақында баспаналы болсақ деп отырмыз. Бақыт деген осы дейді көпбалалы ана.

Жәния Адуллақызы, көпбалалы ана:

– Ешқандай іс-әрекет бастаудан ешкім қорықпау керек. Алға қадам жасай білу керек. Және адам өзіне мақсат қоя алса, сол мақсатқа әрине өзінің қасындағы жолдасымен кеңесе отырып, сұхбаттаса отырып бала-шағасымен әрине, ол алдыға жүреді. Ауызбіршілік бар жерде әрқашан жетістік болады.

Жанұядағы ауызбіршіліктің арқасында үлкен жетістікке жетіп отырған көпбалалы аналардың бірі Айжан Жүсіпқызы да қазір осы орталықта әлеуметтік сала бойынша қызмет етіп жүр.

Айжан Жүсіпқызы, көпбалалы ана:

– Осы жерге келіп, аналарды оқытты. Сол жерде менде оқыдым. 505 мың қайтарымсыз грант ұтып алдым. Өзімнің кішігірім тырнақ алу бойынша жеке кабинетімді аштым. Солай жалғасып кетті. Осы жерге жұмысқа қалдым. Осы жерден шыққым келген жоқ шыны керек. Барлық жағдай жасалған. Бала да қасымда, жүрегім тыныш.

Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында ашылған орталықтардың саны елімізде артып келеді. Алматы қаласы бойынша екі жылдың ішінде 11 мыңнан аса отбасыға қаржылай көмек жасалып, көпбалалы бес отбасыға тұрғын үй берілген. Балаларға медициналық көмек көрсетіліп, көптеген аналардың жұмысқа орналасуына атсалысқан.

Әсем Байділданова, Бақытты отбасы орталығының қызметкері:

– Аналарымыз келіп тіркеледі. Әлеуметтік анкетасын толтырады. Сол жерге сұраныстарын толтырады. Соған байланысты бұл жерде тегін курстарымыз бар. Ол қазіргі заманауи шугаринг, қас архитектурасы, аспаз, кондитер, тігін цехы деген сияқты көптеген курстарымыз бар. Сол курстарды оқытып, жұмысқа орналасуға көмек береміз.

«Бақытты отбасы» орталықтарында бұған дейін ана мен балаға жағдай жасалынып келген. Ендігі жерде әкелердің де осында келіп білім деңгейін көтеріп, кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренуге мүмкіндіктері болады. Бақытты отбасы болуды әркім армандайды. Ал бақытқа бастайтын жол – шаңырақтағы татулық пен еңбекке деген құлшыныс.

Жандос Айтбайұлы, Сержан Жұмабаев