Талдыкөлге қоқиқаздар қонақтады

Табиғаттың ерекше жаратылысы елордаға екі күн бұрын ұшып келген.

Елорда ну орманымен, тұмса табиғатымен ерекшеленбесе де, мұнда сирек кездесетін құстар қонақтайтын жер баршылық. Соның бірі – Кіші Талдыкөл. Бұл маңды бұған дейін аққулар мекен еткен еді. Енді 10-нан аса қоқиқаз қонаққа келіпті.

Руслан Оразалиев, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылыми қызметкері:

- Бұл – өте сирек кездесетін құбылыс. Әрине қоқиқаз кез келген көлге қонбайды. Терең болмауы керек, қатты тұзды болмауы да маңызды. Олар өте ұзаққа ұшатын құс. Қазір уақытша қонған деген болжамым бар. Мұндай кереметті кез келген жерден көрмейсіз. Сондықтан Талдыкөлді барынша сақтауымыз керек.

Қоқиқаз – дене бітімі ерекше, тұмсығы имек тәрізді ірі құс. Оның қызғылт түсі ерекше көрінеді. Ал Талдыкөлде қонақтаған ақ балапан қоқиқаздар. Бір жылдан кейін олар да қызғылт реңкке өзгереді екен.

Дина Тәжібай, қала тұрғыны: 

- Интернеттен қарадық. Осы жерге фламинго ұшып келді деген кезде келдік осы жерге. Бүкіл отбасымды алып келдім. Осы жерден көрдік фламингоны қандай ғажайып табиғат бар екеніне көзіміз жетті.

Қоқиқаз қызыл кітапқа енген. Ол Қорғалжын қорығын мекендейді. Қазір ұшып жылы жаққа кетеді. Елордаға қонған себебі Талдыкөл олар үшін ең ыңғайлы көл, дейді құс асыраушылар. Қоқиқаздар Қазақстанға наурыз – сәуір айларында ұшып келіп, қазан – қарашада Иран, Ауғанстан, Пәкістан аумағына қоныс аударады. Олар шаян, ұлу, жәндіктердің дернәсілдерімен, балдырлар және су өсімдіктерінің тұқымдарымен қоректенеді. Қоқиқаздардың тіршілігіне суы таяз әрі тұзды су айдындары өте қолайлы. Өкініштісі, құстың саны жылдан жылға азайып барады. 

Гүлзия Нақыпқызы, Нұрғали Мамырбаев

Сондай-ақ...