Павлодар облысында орманшылар ауыл орталығын дендробаққа айналдырды

Павлодар облысының Шалдай ауылында экзотикалық жеміс өсірілетін бақ пайда болды. Орманшылар елді мекен орталығын дендробаққа айналдырды. Көктемде егілген ағаштар жергілікті климатқа бейімделген. Алдағы уақытта жасыл желек үлкен баққа айналады.

Бұл тәжірибелі орманшы Құрманбек Жүнісовтің бастамасы. Ауыл халқы алдымен осы жерді қоқыстан тазартса, мамандар ағаш отырғызумен айналысқан. Бүгінде шағын бақта күміс түсті терек, қарағай, емен, көгілдір шырша мен шетен жайқалып тұр. Алмұрт ағашы да бар. Болашақта пальма ағашы да отырғызылмақ.

Құрманбек Жүнісов, орманшы:

- Карликовая пальма дейді, балаларға оңды. Күн ыстықта осында жүгіріп жүреді. Содан тағы, міне әкелген экзотикалық көк шырша. Алатаудың шыршасы Алматы облысынан. Сосын жай шырша дейді, Солтүстік региондардан, Ақмола облысы. Бурабай ауданынан әкелінді.

Ауыл азаматтары осы дендробақты бір адамдай жаз бойы күтіп баптады. Көрші жатқан Арбиген елді мекенінің тұрғындары да қол ұшын созды. Бақ орталығын қазақи нақышта безендірген. Шаңырақ, домбыра мен қобыз түріндегі сәулеттік пішіндер орталықтың ажарын аша түсті.

Сайтулла Ниязбаев, зейнеткер:

- Бұрын осы жерде қоқыс болған. Бұрынғы ескі үйлер болған. Көріп тұрсыздар ғой, қандай әдемі. Біз балаларымызбен кешке келеміз, күндіз келеміз, жүреміз. Өзім немереммен келемін. Солар бәрін көріп, мәз болады.

Ал бұл композицияны ауыл азаматтары бірігіп жасады. Ортақ жұмыстың нәтижесінде осындай фонтан пайда болды.

Құрманбек Жүнісов, орманшы:

- Жоспар құрып жатырмыз. «Аллея лесовода» деген болады. 1,5 гектардай аумағы. Күзден бастап, биыл көктемде ектік аздап. Ағаштың үш түрі. Күздігүні соны бітіруге тырысамыз. 

Дендробақта әсем гүлдердің де сан түрі отырғызылған. Өсімдіктер жылыжайларда жетілдірілген. Енді саябақтың көрігіне көрік қосып, ауылдағыларды қуантуда. 

Елена Остапенко, орманшы:

- Шырайгүлдің бірнеше түрі бар. Ақ, қызыл, ақшыл түсті. Оларды сәуірде отырғызып едік. Болашақта сәндік өсімдіктер мен гүлдерді де әкелеміз.

Ауыл тұрғындарының бастамасын жергілікті билік қолдап отыр. Халықтың өтінішімен саябақтың маңы мен бірнеше көшеге асфальт төселді.

Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Марат Игіліков