Жезқазғанда металлургтер династиясы тұрады

Отбасы күні Жезқазғандағы металлургтердің сүйікті мерекесіне айналған. Әдетте шахтада жүретін кеншілер бұл күні орайы келсе жақындарымен болуға тырысады. Қазір Жезқазған қаласында кеншілік кәсіпті таңдаған отбасы көбейген. 

Әділ Жолдасбаевтың бірлігі жарасқан жанұясындағы мерекелік дастарқан бұл. Әділдің әкесі Сауқым Жолдасбайұлы Қаныш Сәтбаевтан тәлім алып, ширек ғасыр кен орындарында жұмыс істеген. Өзі де 25 жылға жуық «Қазақмыс» корпорациясында еңбек етеді. Бүгінде екі ұлы да әке жолын қуған. Отбасылық династияның еңбек өтілі 100 жылдан асады.

Әділ Жолдасбаев, «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС құрастырушы бригадирі:

- Үлкен ұлым электрик-механик мамандығын бітірген. Кіші ұлым компьютер мамандығын бітірді. Өздерінің таңдауы солай, бір жағынан менде айттым. Мектепте де жақсы оқыды 3 балам. Корпорация бізге әркез уақытында айлық аламыз, жұмысымыз кестеге сай жүріп жатыр.

Алдабергеновтар жанұясында атадан мұра болып тал да қалды, металлургия саласы да қалды. Отбасылық династияның жұмыс тәжірибесі 150 жылға жуықтайды. Мұраттың атасы, әке-анасы осы салада қызмет еткен. Енді інілері де тау-кен саласы мамандығын оқып жатыр. 

- Басында жұмысқа тұрған кезде бұрғылаушының көмекшісі, тау-кен шебері, кейін учаске басшысының орынбасары, кейін шахта басшысы болдым. Енді 600 метр тереңдікке түскеннен кейін шахтаның асты қауіпті ғой, бірінші кезекте техникалық қауіпсіздікке қараймыз.

«Қазақмыс» мыс өндіруші компания ретінде әлемдегі топ ондыққа енеді. Мұнда 37 мыңнан астам адам қызмет етеді. Олардың арасында отбасылық династиялардың көбеюі корпорацияның тұрақты өсуі мен жұмысшыларына деген қамқорлықтың белгісі іспетті.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков