Нұр-Сұлтанда халық саны 1 млн 212 мыңға жуықтады

Нұр-Сұлтан қаласындағы халық саны 1 млн 212 мыңға жуықтады.

Жыл басынан бері бас шаһарда 14 мың сәби дүниеге келген. Сонымен қоса, осы 6 айда елордаға 13 мыңнан астам адам қоныс аударған. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады. Бас қалада қазір әйел адамдардың үлесі басым – 52 процент, ерлер – 48 процент. Мұның сыртында көшіп келіп, көшіп кетіп жатқандар да бар. Мәселен, өткен жылы елордаға 672 адам қоныс аударса, 1400-ден астамы шекара асқан. Ал биылдыққа 749-ы көшіп кетсе, шетелден 315 адам көшіп келген.

Әсем Алданғарқызы, ҚР Ұлттық статистика бюросының баспасөз хатшысы:

– Негізі көші-қон алмасу ТМД мемлекеттерімен орын алып отырады. Яғни ТМД мемлекеттеріне көшіп кету үлесі 72 пайызды құраса, көшіп келушілердің үлесі 48 пайызды құрайды. Елордаға көшіп келушілердің басым көпшілігі Ресей Федерациясынан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, алыс шетелдер ішінде Қытайдан, Түркиядан және Моңғолиядан келіп жатады.