Солтүстік Қазақстанда бағасы арзан дәрілер өтпей тұр  

Қоймада дәрі толып тұр. Бағасы да арзан. Бірақ халыққа жетпей жатыр ма, әлде басқа себебі бар ма?

Бұған басқа-басқа, әкімдікпен келісім шарт жасасқан фармацевтикалық компания басшысының өзі де аң-таң. Қазір Солтүстік Қазақстан облысында тұрақтандыру қорында 1 жыл бұрын сатып алынған арзан дәрілердің қоймада бір емес, бірнеше тоннасы сақтаулы тұр.

Мұрат Жәкенов – фармацевтикалық компанияның директоры. Былтыр ол елімізде дәрі-дәрмек тапшы болғанда әкімдікпен келісім жасасып, тұрақтандыру қорына түрлі препараттар сатып алды. Бұл мақсатқа 250 миллион теңге бюджеттен қаржы бөлінді. Келісімге сәйкес барлық дәрілер сатылған соң, ақша мемлекетке қайтарылуы тиіс.

Мұрат Жәкенов, Фармацевтикалық компанияның директоры:

– Үнемделген 100 миллион теңгені біз қайтарып қойдық. Бөлшек саудада әлі 28 миллион теңге бар. Бұдан бөлек қоймада 122 миллион теңгенің өнімі тұр. Бұл аудандық ауруханаларға жөнелтілуі тиіс еді. Бірақ жоба жүзеге аспай жатыр. Сәйкесінше, қалған қаржыны қазынаға қалай қайтарамыз?

Препараттардың қоймада тұрғанына бір жылдан асты. Петропавлда ол тек 6 дәріханада сатылуда. Ал аудандық ауруханалардан өтініштер енді түсе бастаған. Ауылдарды арзан дәрімен қамтамасыз етуге ешкім құлық танытпай отыр. Бүгінгі күні жалпы өнімнің 15 проценті ғана сатылған.

Алма Бірімжанова, фармацевт:

– 18 тонна дәрі алынған. Соны стабфонд арқылы тез өтеді деп ойладық. Халықты ойлап, халыққа арзан дәрілер жетсін деп. Өте арзан баға бізде. Екі есе арзан баға. Неге халықты ойламайды? Әдейі халыққа көмектесейік деп ұйымдастырылды ғой.

Денсаулық сақтау басқармасындағылар бұл өнімдерді дәріханасы жоқ ауылдардарға сату үшін медициналық мекемелерде арнайы нүктелер құрылғандығын айтты. Яғни біріңғай оператор оны ауруханаларға жеткізеді. Ал ондағылар арнайы пунктерге таратып беруі тиіс.

Құмар Күсемісов, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Бүгінгі күні бұл препараттар өңірде жеткілікті. Тек 9 миллион теңгенің өнімі саудаланды. Ал оларды сату біріңғай оператордың міндеті. Өйткені біз ешкімді мәжбүрлей алмаймыз.

Бюджет есебінен мұнша дәрі-дәрмек сатып алу қажеттілігі неден туындағанын Мұрат Жәкенов та түсінбей дал. Ал тұрақтандыру қорын құру бойынша негізгі келісім жасаған кәсіпкерлік басқармасы бұл жағдайға байланысты еш түсініктеме бермеді. Ал қоймадағы өнімдерді келер жылдың маусым айнына дейін сатып, мемлекетке қаржы толықтай қайтарылуы қажет. Бірақ ол енді уақыттың еншісінде.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Нұргүл Ахметова, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев