Биыл жалпы аумағы 9 млн шаршы метрге тең баспана пайдалануға берілді – ҚР ИИДМ

Сарапшылар күмән келтіргенмен, бұған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев күзде нарықтағы жағдай толық тұрақталады деп үміттендіріп қойған еді. Оның анық-қанығын қысқа қарай білетін боламыз.

Өйткені әдетте үй бағасы басқа бір факторлар әсер етпесе жазда өсіп, қыста төмендейді. Оның үстіне құрылыс та қарқынды. Кейінгі 10 жылдың көлемінде пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі еселеп өсіп келеді. Мәселен, 2009-2010 жылы елде жалпы ауданы 6 млн 400 мың шаршы метр, одан кейінгі 3 жыл бойы шамамен 7 млн, 2014 жылы 7 жарым млн, 2015-те  9 млнға жуық, ал 2016 жылы 10 жарым млн, сондай-ақ 2017 жылы 11 млн 200 мың, 2018 жылы 12 жарым млн, 2019 жылы 13 миллионнан астам және 2020 жылы 15 млн 300 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді.

Аягөз Бекенова, ҚР ИИДМ құрылыс істері комитетінің баспасөз хатшысы:

– Биыл елде жалпы аумағы 17 млн шаршы метр болатын 163 мың баспана салу жоспарланған. Бүгінгі таңда жалпы аумағы 9 млн шаршы метрге тең баспана пайдалануға берілді. Республикалық бюджет есебінен жыл басынан 24 мыңнан астам отбасы әлеуметтік баспанамен қамтамасыз етілді. Оның ішінде несиелік және арендалық пәтерлер бар.

Аягөз Бекенованың айтуынша, бір ғана елордада 2021 жылы жалпы ауданы 3 млн 210 мың шаршы метрге тең 34 мыңнан астам пәтер салу көзделген. Жыл басынан шамамен 1 млн 789 мың шаршы метр болатын 19 мың 323 пәтер пайдалануға берілді. Яғни жоспар бойынша жыл соңына дейін Нұр-Сұлтан қаласында тағы 15 мың баспана кілті иесіне табысталуы керек. Ішкі және сыртқы көші-қон бойынша қалаға көшіп келгендер саны жарты жыл ішінде 13 мыңнан асқанын қаперге алсақ, пәтер саны жеткілікті дейді мамандар.