Егінді енді роботтар орады

Егінді робот орады. Комбайншыға қолқанат құл-темірлер енді біздің елде де бар. 

Жұрт жарыса айтып жүрген жасанды интелект егіс алқаптарына да жетті. Енді робот комбайншының жүктемесін азайтады. Нақтырақ айтсақ орақ кезінде техниканы адам емес компьтер жүргізеді. Ал комбайншы оператор қызметін атқарады. Яғни жаткағаның жұмысын, бункердің толуын және жүріп келе жатқанда бір дәнді жерге түсірмей жүк көлігіне төгуге назар аударады.

Валерий Вербовой, комбайншы:

– Комбайнды өзі басқарады. Бұрылатын жерде бұрылып, егістің жиегінен шықпай жүріп отырады. Мен жалпы жағдайды бақылаймын. Мынадай планшет орнатылған. Жасыл сызық орылмаған егістің шеті. Комбайн соның бойымен жүреді. Ал мына қызыл белгілер комбайнның алдындағы кедергілерді көріп, ескерту сигнал береді.

Жүйенің Джи-пи-эс навигатордан артықшылығы да сол. Ол алдын ала белгіленген сызық бойымен емес, егіс шетімен жүреді және кедергіні көреді. Көздің қызметін комбайнның шекесіне орналасқан мына камера атқарады. Ол ақпаратты басқару жүйесіне жеткізеді. Сол жерден техниканың бағыты реттеледі. Сәйкесінше орақ босқа айналмай, егісті толық қамтиды. Бұл жұмыстың өнімділігін арттырады.

Айрат Зарипов, жүйні жасаушы компанияның өкілі:

– Комбайнның өнімділігі 25-30 процентке дейін артады. Орақ толық жұмыс істегендіктен, техника артық жер жүрмейді. Сәйкесінше жанармай шығы да, астықты жинау уақыты да азаяды.

Жаңа жүйені ресейлік өнертапқыштар жасаған. Өз елінде мыңға жуық техникаға орнатыпты. Ал Қазақстанда бірнеше шаруа қожалық сынақтан өткізіп жатыр.

Виктор Крымов, шаруа қожалықтың инженері:

–Жиын-терім науқаны аяқталғаннан кейін сараптама жасаймыз. Егер тиімділігі болса өзге комбайндарға орнатамыз. Салыстырмалы түрде робот басқарған комбайнның бункері өзгелерден тезірек толып отырды. Бұл орақтың толық жұмыс істеуінен деп ойлаймын.

Жаңа технологияның жетістігі де кемшін тұстары да бар. Мәселен астықтың сабағы аласа болса, камера егістің шетін көре алмай, ізінен жаңылады. Ал кедергіні көргенде техниканы тоқтататыны өте қолайлы. Осының бәрі науқан соңындағы сараптамада ескеріліп, жүйені жасаушыларға жөнелтіледі және роботты өзге комбайндарға орнату, орнатпау туралы шешім қабылданады.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Наурыз Базаров