Қарқаралыда Қарқабат анаға ескерткіш қойылды   

Арқаның алтын тәжі – Қарқаралы жерінде Қарқабат анаға ескерткіш қойылды.

Қарқабат ана – Қаз дауысты Қазыбек бидің арғы әжесі, ақыл-парасатымен ұлтты ұйытып, мұқым елге үлгі-өнеге болған абыз ана. Тарихта «Қарқабат ана-аналардың анасы» деген сөз қалған. Табиғаттың аясындағы алып мүсін қоладан құйылған. Биіктігі тұғырымен қоса есептегенде 7,5 метр болады. Авторы қарағандылық талантты мүсінші Бейбіт Мұстафин. Ескерткіштің орнатылуына жергілікті жұрт бастамашы болған. Рухани шараға зиялы қауым өкілдері, ұрпақтары қатысты.

Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан Жазушылар Одағының Төрағасы:

– Сонау Қаз дауысты Қазыбектен бастап мынау бүгінгі ғарышкер бауырымыз Тоқтар Әубәкіровтерге дейінгі қазақ тарихында айшықты із қалдырған ұлы тұлғалардың түпкі анасы болып есептеледі. Сондықтан қойып жатқан ескерткіш ұрпақ үшін өте қажетті деп білемін.