Екібастұзда төтенше жағдай режимі сақталады

Екібастұзда төтенше жағдай режимі сақталады

Екібастұзда Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың екінші сорғы бекеті уақытша іске қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір мамандардың алдында негізгі электр жабдықтарының жұмысын реттеу міндеті тұр. Естеріңізге сала кетсек, тамыздың соңында каналдың 4 деңгейлі темірбетон ғимараты өртеніп, аса маңызды насос агрегаттары істен шығып қалған еді. Соның салдарынан тағы бірнеше станция жұмысын тоқтатқан. Жергілікті билік шұғыл түрде техногенді сипатта төтенше жағдай жариялады. Ал Сәтбаев каналының басшылығы қалпына келтіру жұмыстарын 10 күнде аяқтауға уәде берді. Ол кезде су қоймасында болған 17 миллион текше метр су бір аптаға жетуі тиіс еді.

Айта кету керек, Орталық Қазақстанды тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отырған стратегиялық маңызды нысанның бүгінгі жайы көңіл көншітпейді. Өйткені Сәтбаев каналының электржабдықтарымен сорғы бекеттері ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмепті.  

Владимир Егерь, Қ.Сәтбаев атындағы каналдың павлодар облысы бойынша эксплуатациялық басқармасының басшысы:

– Қазір жұмыс штаттық кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Екібастұз су қоймасының деңгейін көтерудеміз. Төтенше жағдай режимі әзірге жойылған жоқ. Себебі сорғы агрегаттарын уақытша іске қостық, тұрақты жұмыс кестесіне қыркүйектің 30-на қарай көшеміз деген жоспарымыз бар.