Ауасы ластанған Өскемен аспаны жылжымалы құрал арқылы зерттеледі

Өскеменде ауа ластанып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді шаһар аспаны жылжымалы құрал арқылы зерттеледі. Мобильді газоанализатор атомосферада қандай қауіпті қалдықтар қоспасы артқанын анықтайды. Мұндай тәуелсіз зерттеуді қалалықтар да қалап отыр. Өйткені шаһарды газ басып қалатын күндер көп. Экологиялық қауіпсіздік орталығының қызметкерлері тұрғындар шағымы бойынша жұмыс істейді. Өткен аптаның басында Өскеменді көк түтін басып қалған болатын. Тіпті бірінші деңгейлі қолайсыз метео-жағдай да жарияланған. Ауадағы күкірт диоксиді шекті мөлшерден 10 есеге артып кеткен. Бұл жағдайды сала мамандары қалада көліктің көбеюімен және күннің тымық болуымен байланыстырады.

Дмитрий Корешков, экологиялық қауіпсіздік орталығының қызметкері:

– Әсіресе жылу маусымы басталар кезде тұрғындардан шағым көп түседі. Біз олардың бәрін сұрыптап, ауа ең ластанып тұрған аймаққа барып, осы аппарат арқылы өлшем жүргіземіз. Әрбір нәтижені экология департаментіне мәлімдеп отырамыз.