Көкшетауда бірнеше аудан сусыз отыр

Көкшетаулықтар бірнеше күннен бері ауызсу тапшылығын сезініп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кей шағын ауданда тіршілік нәрі мүлдем жоқ. Қазір әсіресе, «Жайлау» мөлтек ауданының тұрғындары судан тарығып отыр. Жұрт өткен бейсенбіден бері сусыз қалғанын айтады. «Жайлау» шағын ауданының тұрғындары өткен аптадан бері осылай ыдыстарға су толтырудың қамында жүр. Көлігі барлар тіршілік нәрін сырттан әкелсе, оған шамасы келмейтіндер коммуналдық мекеменің су таситын арнайы көлігін күтуге мәжбүр.

Данив Мулеев, қала тұрғыны:

– Судың жоқтығына бүгін міне, 5 күн болды. Оның алдында қысымы сәл төмендеп болса да аққан еді. Ал бейсенбіден бастап мүлдем тамшы тамбай қалды. Бұл өте қиын. Арнайы көлікпен әкелген суға ұзын-сонар кезек. Кеше 50 шақты адам жиналдық.

Тұрғындардың сөзінше, су тасымалдайтын көліктердің өзі уақытылы келмейді. Ал келген күннің өзінде кей кісілерге суды үйге кіргізу оңай емес.

Галина Кучма, қала тұрғыны:

– Мен мәселен, зейнеткермін. Маған ауыр көтеруге болмайды. Бірақ амал жоқ, су алу үшін бәріне көнуге бармыз. Су таситын көлікті бүгін 1 сағат бойы далада желдің өтінде күтіп тұрдық. Осының бәрі бізге қиындық туғызады.

Ауызсудың жоқтығы әсіресе, көпбалалы отбасыларға да ауыр тиіп отыр.

Сәпия Қажыбаева, қала тұрғыны:

- Тиіспеңдер, төкпеңдер деп отырамыз. Далада кішкентай бақшам бар. Суға түсу дегенді ұмыттық. Бүгін немерем балабақшаға кетті. Аяқ-қолын сүртіп, жібердік.

Қаршыға Нұрышева, қала тұрғыны:

– Біздің отбасымыз үлкен. Төрт баламыз, ата-енеміз және өзіміз. Ойлаңызшы, қаншама су керек. Ал «Көкшетау су арнасының» көлігі дәл жұмыс уақытында келеді. Сондықтан көп адам су алып үлгермейді. Ең сорақысы, 21-ғасырда осындай қиындық көріп отырғанымыз қынжылтады. Мына маңайда мектеп пен балабақша бар. Олар не боп жатыр десеңізші.

Шаһар іргесіндегі Красный яр мен Нұрлы көш ауылдарында да осындай жағдай. Мұнда тіпті, бір аптаға жуық су жоқ дейді жергілікті жұртшылық. Ал коммуналдық мекеме, мұның бәрі Сергеевка су қоймасынан келетін құбырдағы апатқа байланысты екенін алға тартады. Айтуларынша, мәселе осы аптада шешіледі. Ал оған дейін алдымен әлеуметтік нысандарға, кейіннен тұрғын үйлерге су кесте бойынша тасымалданбақ.

Қалиасқар Мұстафин, коммуналдық мекеме директорының орынбасары:

– Сергеевка су қоймасындағы жөндеу жұмыстары бітіп, олар бізге қажетті суды толық жіберген кезде ғана аталған мәселе шешіледі. Ал бұл шамамен осы аптаның бейсенбі немесе жұма күні болуы мүмкін. Сондықтан тұрғындарды жағдайға түсіністікпен қарауға шақырамыз.

Айта кетейік, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеевка және қала іргесіндегі Шағалалы су қоймасынан су алады. Осылайша дәл қазір шаһардың біраз бөлігін Шағалалы тоғаны тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отыр. Ал ол болмаса, облыс орталығының барлығы ауызсусыз қалуы әбден мүмкін еді.

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко