«Ауыл ел – бесігі» бағдарламасы бойынша нысанды салуға мемлекеттен жарты миллиард теңге бөлінген, деп хабарлайды «Хабар 24».
Былтыр бассейн ашылғанда аудан атқамінерлері ардагерлер мен сал ауруына шалдыққан балалар тегін шомылатынын айтқан еді. Алайда арада он ай өтсе де, халық әлеуметтік нысанның игілігін көре алмай отыр.
Үгітіліп жатқан цемент мен қаңылтыры қопарылған бассейн салынғанда, ерекше қуандардың бірі Әсел Рамазанова болатын. Өйткені сал ауруына шалдыққан баласына судағы ем-шараның бірнеше түрін жасайды. Алайда қуанышы ұзаққа созылмады. Былтыр желтоқсанда пайдалануға берілген нысан сол беті тұр. Жалғызбасты ана кембағал баласын жазда үйінің ауласындағы шағын бассейінде түсірген. Енді күн суытқан соң не істерін білмей отыр.
Әсел Рамазанова, Күршім ауылының тұрғыны:
– Менің балама күнде қажет. Өйткені оның сүйектері пластикалық ауруға шалдыққан. Аралас сал ауруына шалдыққан. Сондықтан менің балам күнделікті суда дайындалып, оңалтудан өту керек. Содан кейін бір мәселе жүзу бойынша нұсқаушы келіп, жұмыс істесе деп едік. Ол да жоқ. Бұйыртқан күні болады.
Бұйыртқан күнді Әселмен бірге талай адам күтіп жүр. Тұрғындардың айтуынша, нысан ашылғанда ғана су толтырған. Одан соң ешкім түспепті.
Нұрбек Байтұрсынов, зейнеткер:
– Аты бар да, заты жоқ болып қалды. Сыртынан қарағанда әрине қуанышты. Ішінде бір уыс су жоқ. Онда ешқандай құрылыс бітпеген. Суы қайда ағады? Олар өткізгенде мұның жүйесін мамандарға көрсету керек еді.
Мамандарға кемшілігін тұрғындар өздері көрсетіп жүр. Бірақ бастапқыда жобасы дұрыс болмағанға ұқсайды. Өйткені бассейнге түсіп-шығуда қауіпсіздік ережелері бойынша да сұрақтар бар.
Дәулетхан Тоқтыбаев, Күршім ауылының тұрғыны:
– Анау шұңқырдың ішіне қалай түсіп шығады? Бір-ақ саты. Қол тайғанайды. Одан кейін бала түседі. Жарымжан балалар келеді. Шалдар келеді. Қоршауы жоқ. Техникалық қауіпсіздік жоқ. Одан кейін біз сұрақ қойдық. Қайда балансқа өтеді деп. Күршім ала алмайды. 14 кісі ұстау керек.
Бассейнді Күршім ауданы әкімдігі салғызған. Бірақ биыл қаңтар айынан бастап аудан, ауылдағы білім мен спортқа қарасты нысандар облыстық басқарманың басқаруына өткен. Сөйтіп аудан әкімдігі мен спорт басқармасы бір-біріне хат жазып жүргенде, 10 ай өткен. Осы тұста сапасы да сыр бере бастаған.
Дулат Қаженов, Күршім ауданының әкімі:
– Сапасын беретін авторлық қадағалау бар. Техникалық қадағалау бар. оЛ кісілер қол қойылғаннан кейін қабылданып тұр.
Қабылданып тұрғанмен облыстық спорт басқармасы иелігіне әлі алмаған. «Ауыл ел-бесігі» мемлекеттік бағдарламасымен 500 миллионға салынған бассейннің сапасына енді сол ауылдың тұрғындары алаңдап жүр.
Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов