Оралда 52 көппәтерлі тұрғын үй апатты деп танылды

Олардың дені – өткен ғасырдың орта шеніне дейін салынған 2 немесе 3 қабатты баспаналар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл үйлердің тұрғындарына пәтер мәселесін шешудің екі жолы бар. Оның бірі – кезекпен берілетін пәтерді күту болса, екінші жолы мемлекет пен жекеменшік әріптестік бағдарламасына қатысу.

Қала орталығындағы бұл екі қабатты үйде қазір 8 отбасы тұрып жатыр. Тозығы жеткен үй өткен ғасырдың 40 жылдары фабрика жұмысшыларына арнап салыныпты. Содан бері бірде бір рет жөндеу көрмеген. Инженерлік желі атаулыдан жарық пен жылу ғана бар. Көгілдір отын болмаған соң су мен газ баллонын сатып алуға тура келеді. Сәл жел тұрса, шатырды ұшырып әкетеді. Қысқасы, бұлай жалғаса беруі мүмкін емес дейді тұрғындар.

Валентина Мальцева бұл үйге алғаш 1974 жылы көшіп келдім дейді. Айтуынша, сол кездің өзінде бұл үй апатты деп танылған екен. Алайда тұрғындарды көшіру мәселесіне ешкім бас ауыртпаған.

Валентина Мальцева, қала тұрғыны:

– Міне, үйдің жоғары жағы түгел жарылып кетті. Кейбір тұстарында тіпті екінші беттегі қабырғаға дейін жалғасып жатыр. Шатыры бірнеше жерінен опырылып жатыр. Және жарықтар күннен күнге үлкейіп барады. Бұл үйде тұру аса қауіпті. Алдағы қыста не боларын кім білсін?

Қала билігі бұл мәселені шешудің жолы ретінде мемлекеттік жекеменшік әріптестік бағдарламасына қатысуды ұсынды. Тозған үйді бұзып, орнына жаңа көпқабатты үй салады. Бұрынғы үй тұрғындарына кейін жаңа пәтерлер беріледі. Мердігер кәсіпорын оларға құрылыс жұмыстары аяқталғанша тұратын пәтерлерінің ақысын төлеп бермек.

Айкенай Рамазанова, құрылыс компаниясы басшысының орынбасары:

– ГЧП бағдарламасымен жұмыс жасатып жатырмыз. Биылғы жылы 89 нысан алдық. Соның үшеуі салынып жатыр.

Дархан Еркінұлы, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

– 2015 жылдан бастап қаламызда МЖӘ принципі жүзеге асырылуда. Аталған принцип жүзеге асырыла бастағалы бері 19 апатты және тозығы жеткен үйлер бұзылып, орнына 9 көппәтерлі жаңа үйлер салынды. Сондай-ақ 10 нысаннан жоғары қазір алғашқы үш жақты меморандум жасақталды. Яғни тұрғындардың, құрылыс мердігер компаниясының және Орал қаласы әкімдігінің.

Мемлекеттік жекеменшік әріптестігі аясында әкімдік мердігер кәсіпорынға үй салу үшін жер телімін тегін береді. Сонымен бірге, инженерлік желілер тартуға жұмсалатын шығындарын өтейді. Соңғы 5 жылда апатты үйден жаңа пәтерлерге 200-дей қала тұрғыны көшірілген. Болашақта тозығы жетіп тұрған тағы екі жүзден аса үй бұзылып, орнына жаңасы салынады дейді мамандар.

Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов

Сондай-ақ...