Қарқаралыда мал асырайтын тұрғындар қыстан қалай шығарын білмей дал

Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Матақ ауылында мал жайылымы тарылып барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындардың айтуынша, елді мекен маңындағы шұрайлы жерді жалға алған жеке шаруа қожалықтары көл-көсір шөпті не өздері пайдаланбайды, не елге бермейді. Жұрттың ала жаздай шапқан шөбі де өртеніп кеткен. Енді қыстан қалай шығарын білмей дал.

Матақ ауылында қазіргі күні ірілі-ұсақты 5 мыңға жуық мал бар. Бірақ жайылым аз. Соның салдарынан тұрғындар төрт түліктің санын одан әрі көбейте алмай отыр. Елді-мекен маңындағы жердің барлығы жекенің қолына өтіп кеткен. Ал ауылға тиесілі 14 мың гектар жер 20 шақырым қашықтықта екен. Оған күнделікті малды айдап бару мүмкін емес дейді жергілікті жұрт.

Болатбек Тоқмырза, Матақ ауылының тұрғыны:

– Малын ұзатып шығара алмайды. Мына жерде дамба құрылған, соның әр жағының барлығы меншік иелерінікі. Ол жерге бұзау кетсе, жылқы кетсін, қой кетсін, отырғаныңыз айғайласып. Мына жақ жол, жан-жақтың барлығы жекеменшік, ауыл халқына мал жаятын жер жоқ. Халықтың ауылға келуіне, мал ұстауына, көшіп келуіне осындай түрлі себептер кедергі болып тұр. 

Төлеу Рахметов, Матақ ауылының тұрғыны:

– Анау қалада, анау Астанада жатып жерге ие болып, малыңды қайда бақсаң, онда бақ деген әңгіме болмау керек. Алды ма жерді, пайдалансын, біздің қарсылығымыз жоқ. Егінін ексін, шөбін шапсын. Жергілікті жерге пайдасын келтірсін. Сол шөбін шауып, дұрыстап бағасымен сатса халық алады. 

Өкінішке қарай, жуырда жұрттың ала жаздай шапқан шөбі өртеніп кеткен. Енді көрші ауылдан оруға мәжбүр.

Жасұлан Жаппаров, Матақ ауылының тұрғыны:

– Осы жылы өрт шықты. Екі жыл болды ғой қуаңшылық. Шөп те дұрыс көтерілген жоқ осы жылы. Міне, әлі күнге дейін шөп шауып жатырмыз. Көрші ауылдан жер жалдап, сол жаққа барып жатырмыз. Күнкөрісіміз солай болып жатыр қазіргі.

Аудан басындағы жауапты мамандар бұл жайдан хабардар. Бірақ тексере алмайды. Себебі мараторий жарияланған. Қазір олар жайылымдық жерді бөліп алған ірі шаруашылық басшыларына тек ескерту жолдаған. Яғни, қанша жері бар, соған сәйкес мал басы болуы шарт.

Гүлден Тойғанбаева, Қарқаралы аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

– Жайылымдық жер деп алғаннан кейін тиісті малдары сол жерде жайылу керек. Алдында малдары болған жоқ. Сол себептен хабарлама берілді. Бүгінгі күнде ол кісілер түсініктеме жазды ғой. Енді заңда көрсетілген, бір жылдың ішінде ешқандай жұмыс жүргізілмесе, онда сотқа береміз.

Айта кету керек, қазір Қарқаралы ауданында 1 миллион 737 мың гектар ауылшаруашылық мақсатындағы жер болса, соның жартысына жуығы фермерлерге ұзақ мерзімге жалға берілген. Бірақ соңғы екі жылда 402 мың гектар жердің дұрыс игерілмегендігі анықталып отыр. Қазір оны мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілуде.

Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев