Алматы облысындағы Боралдай көлінде 100 тоннадан аса балық қырылып қалды

Әзірге су жануарларының неден өлгені белгісіз. Балық шаруашылығы қожайындары шығынға шаш етектен баттық деп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Боралдай маңындағы шағын ғана көлде қырылып қалған балықтарды көріп отырмыз. Судың жағасына шығып қалған бұл балықтар қазір ит пен құсқа жем болуда. Балықтар неден қырылды, мұны қазір мамандар анықтап зерттеу үстінде. Ал осы көл маңында тұратын ауыл тұрғындары өлген балықтардың исі ауылға тарап кетуі мүмкін деп алаңдап отыр.

2016 жылы Ержан Кеңесов пен Денис Громоздов бірлесіп Алматы облысы Іле ауданына қарасты Жайнақ елді мекені маңындағы «Көк өзек 1» көлін жалға алып, балық өсіруді қолға алған. Бес жылдық еңбектерінің жемісін енді көреміз деп жүргенде су жануарларлы бір-ақ күнде қырылып қалды. Шаруашылық қожайындары балықтардың қырылуына кәріз құбырларының жарылуы себеп болуы мүмкін дейді.

Ержан Кеңесов, балық шаруашылығының қожайыны:

– Осы жерден ағып жатыр. Осы су да біздің көлге қосылады. Біреулер айтып жатыр, 2-3 күн бұрын жарылған деп. Біраздан бері ағып жатқан су болып тұр ғой.

Тиісті мекеменің мамандары өлген балықтардан сынамалар алып, зертханаға жіберген. Сараптама қорытындысы бірнеше күннен кейін белгілі болады. Көлдің жоғарғы бетінен Боралдай мен Алматы қаласының кәріз құбырлары өтіп жатыр. Екі жақтан келетін құбырдыңда тесілгенін көрдік. Бір қызығы екі құбыр да бір түнде жарылған.

Айбек Битайлақов, Боралдай кенті әкімдігінің қызметкері:

– Көп тұрғын тұрмайды. Сондықтан химиямен дезинфекция жасамайды. Канализация болуы мүмкін. Жер үйлер оған жалғанбаған. Тек көп қабатты үйлер. Сондықтан мұндай көлемде балық Бурундай кәріз жүйесінен болуы мүмкін деп айта алмаймын.

Кәсіпкерлер өткен жұмадан бері тек 8 тонна өлі балықты сыртқа шығарып үлгерген. Қалғанын шығаруға шамамыз жетпей тұр дейді шаруашылық иелері.

Ержан Кеңесов, балық шаруашылығының қожайыны:

– 2016 жылдан бері өсіріп отырған балығымыз ғой. Пайдасын әлі көріп үлгермедік. Қанша балық кетті. Исі де мүмкіп тұр.

Қазір балықшылар су арнасын бөгеп отырмыз дейді. Өйткені лас су Қапшағайға дейін жетеді екен. Көлді тезірек тазартпаса, сасық иістен тұрғындар да тұншығуы мүмкін.

Жандос Айтбайұлы, Радик Жақыпов

Сондай-ақ...