Қошқар ата көліндегі радиоактивті қалдықтарды зиянсыздандыру жұмысы тоқтап тұр

Қошқар ата көліндегі улы қалдықтарды залалсыздандыру жұмыстары тоқтап тұр. Маңғыстаулықтар да, экологтар да осыған алаңдаулы. Себебі 52 миллион тоннаға жуық радиоактивті қалдық сақталған, қойма маңайдағы елді мекендерге қауіп.

Ал қауіпті сейілтудің бір жолы қалдықты көму. Осыған былтыр 15 млрд теңгеден астам ақша бөлініп, жұмыс басталған. Жоспар бойынша 3 жылдың ішінде 4200 гектар аумаққа топырақ төселуі керек еді. Алайда бір айдан соң жұмыс тоқатап қалған. Неге бұлай болды?

Қошқар ата көлінің мәселесі 30 жылдай уақыттан бері жұрттың аузында келеді. Мұнда кеңес заманы кезеңінде 3 зауыттан шыққан 105 млн тоннаға жуық уытты қалдық көмілген. Оның 52 миллионы уран рудасының радиоактивті бөлшектері. 

Әйгерім Ашықбаева, тілші:

- «Қошқар ата қалдық көлі» Ақтау қаласынан 3 шақырым қашықтықта орналасса, мына Басқұдық ауылына бір аттам жер тиіп тұр. Мұнда мыңнан астам отбасы түтінін түтетіп, әлдеқашан орналасқан. Бұдан бөлек улы көлге 3 бірдей елді мекен жақын орналасқан. 

Блиц (ауыл тұрғындарынан):

- Ауылда 5 жылдан бері тұрамын, күн ыссы, жаз болса, жаман иіс келеді. Маса-шыбын, шіркей көп болады. Тезірек жабылса екен.

- Отбасымызға,балаларымызға өте зиян. Таңертең ұйқыдан тұрғанда тұра алмайсың, мұның бәрі химиялық элементтердің салдарынан деп білеміз. Өз басым Басқұдық әкімдігіне фейсбук желісіне жаздым. Жауап та алынып жатқан жоқ. Рак аурулары, аурудың 80%-і Маңғыстаудан шығып жатыр. Тезірек жұмыстанса екен дейміз әкімдік.

Эколог Әділбек Қозбақовтың айтуынша, 2000 жылдан бері зерттеу жүргізіле бастаған. Сынаққа алынған кеміргіштердің мутацияға ұшырағаны белгілі болған. Сондай-ақ өсімдіктерде де мутагеннің пайда болғаны анықталды. Жыл өткен сайын қойманың суы азайып келеді. Радиоактивті қалдықтар жер бетіне шығып жатыр. Сондықтан рекультивация жұмыстарын тез арада қайта жалғастыру керек дейді эколог. 

Әділбек Қозыбақов, эколог:

- 2019 жылы «Павлодар өзен порты» деген компания ұтып алып, 3 жылдық жобаға 3 жарым миллиард қарастырылған еді. Алайда 1 млрд теңге біздің табиғи ресурстар басқармасына түспеген. Неліктен түспегенін экология министрлігінен білу керек. Өздері келісім беріп алып, тоқтатып отыр. Топырақ төсеп тастайды үстінен, жан-жағын жасыл аймаққа айналдырады.

Әйгерім Ашықбаева, тілші:

- Осы жылдың көктемінде қалдық көлді залалсыздандыру жұмыстары басталған еді. Ондаған техника келіп, мыңдаған тонна құм төгілді. Ал қазір Қошқар ата көлінің маңы мидай тыныштық. Не техника, не тірі жан жоқ.

Биылғы наурызда мердігер өз қаражаты есебінен 100 га аумақты 300 000 текше метр топырақпен көмген. Жоспар - 4200 гектар аумақты құммен жабу және 240 мың мың сексеуіл отырғызу болатын. Бірақ, қаражаттың тоқтатылуына байланысты жұмыстарын аяқтамаған.  

Ербол Денов, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:

- 23 маусым күні жиналыс болған болатын Экология вице-министрі Пірімқұловпен. Соның айтуы бойынша, жобалық-сметалық құжатты қайтадан радио-экология сараптама жасау керек деген сараптама жасау керек деген шешім шығарған болатын. Осыған байланысты жұмыс тоқтап қалды. Қазіргі Ұлттық ядерлық орталық бар. Соның мамандарымен облыстық экология департаменті мамандары бірлесіп, 2-3 қыркүйек келіп, қошқар ата маңынан топырақ келіп, экспертизаға алып кеткен болатын. 

Егер орталық мамандары улы қалдықтың бетін 30 см топырақпен жапқаннан кейін ауаға таралмайтынына көз жеткізсе жоба оң нәтижесін береді. Ал тиімсіз болса, онда түзетулер енгізуге қайта жіберіледі. Қорытынды алдағы 2 айдың ішінде белгілі болмақ.  

Әйгерім Ашықбаева, Ренат Дүйсалиев