ШҚО-ның шалғай ауылдарында жұрт вакцина салғызып жатыр

Шығыс Қазақстан облысындағы шалғай ауыл тұрғындары да екпе салдырып жатыр.

Мәселен, Аягөз ауданындағы 70 мыңнан астам адамның тең жарымы 18 жастан асқан, вакциналауға жататын тұрғындар. Соның бүгінге 30 мыңнан астамы екпе алып үлгіріпті. Алғашында дәрігерлер, мұғалімдер, әскерилер мен полицейлер вакцина салдырса, кейін басқа да мекеме, ұжымдар өз еріктерімен екпе алуға тілек білдірген. Ақши ауылындағы шаруа қожалықтарының мүшелері де жауапкершілік танытып, науқаннан тыс қалған жоқ. Енді жылжымалы екпе салу кешені аудан аумағында, жол салумен айналысып жатқан мекеме жұмысшыларын вакциналау үшін сапарға шықпақ.

Қалиас Бекентұров, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Өзім алғам жоқ, өзімде де анықтама бар, 72-ден асып кеткем, 73-ке келген кісімін, инфаркт бар бұрынғы. Сондықтан өзім алғам жоқ, басқа бала-шағаларым, жұмысшыларым түгел алып алды, бесеуі. Қолдаймын негізі. Бұл індеттен тезірек құтылу үшін вакцинация керек деп есептеймін.

Сәтбек Борбасов, Аягөз аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- Шалғайдағы елді мекендерге өзіміз күшіміз арқылы жеткіземіз. Оған осы вакциналарды тасымалдайтын көлігіміз бар. Оның ішінде мұздатқыш орнатылған, әрбір вакцинаның сақталу режимі бар, соны сақтай отырып бәріне жеткіземіз. Басында қарсылық білдірген кісілер артынан өздері келіп, вакцина алып, өтіп, бірінші, екінші компонентін де алып жатыр. Жалпы қазіргі ақпарат бойынша да ұжымдық иммунитет қалыптаспайынша бұл індетті жеңу мүмкін еместігі дәлелденді.