Біртановтің үйде қамауда отыру мерзімі қайтадан ұзартылды

Елжан Біртановтың үйқамақта отыру мерзімі 14 қарашаға дейін ұзартылды.

Прокурор қылмыстық іс материалдарымен танысу мерзіміне орай үйқамақта ұстау мерзімін ұзарту туралы ұсыныс енгізді. Судья Талғат Ақшабаев бұл өтінішті қанағаттандырды.

Еске салайық, экс-министр Елжан Біртанов 2020 жылдың қараша айынан бері үйқамақта отыр. Өз кезегінде қорғаушы мен Біртановтың өзі бұлтартпау шарасының басқа да жеңілдетілген түрі іс материалдарымен танысуға ешқандай әсер етпейтінін мәлімдеді. Естеріңізге сала кетейін, тергеу мәліметтері бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің экс-басшысы мен оның орынбасары Олжас Әбішев министрлікте жұмыс істемейтін ақпараттандыру платформасын қабылдап, іске қосты және 1,5 млрд теңге көлемінде залал келтірілді. Сондай-ақ Біртанов өткен жылдың маусым айында санитарлық авиация ұшағын жеке мақсаттарда пайдалану кезінде билікті асыра пайдаланды деген күдікке ілініп отыр.