СҚО мен Қостанай облысында эпидахуал тұрақты

Пандемия басталғалы Солтүстік Қазақстан облысында вирус жұқтырудың 23 354 жағдайы тіркелді.

Науқастардың 92 проценті емделді. 181 адам қайтыс болды. Өткен тәулікте 75 адамның ПТР тесті оң нәтиже көрсеткен. Ал Қостанай облысында соңғы тәулікте 156 адам вирус жұқтырған. Осы күнге дейін вирус жұқтырған 31 мыңнан астам тұрғынның 27 мың 280-і сауықты. Амбулаторлы бақылауда қазір 3617 адам. Бүгінгі таңда өңірде науқастарға арналған 1700-ден астам төсекорын бар. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің онлайн бейнеконференциясы кезінде айтылды.

Ерлан Спанов, облыс әкімінің орынбасары:

- Қазіргі уақытта 21 стационарда 607 адам емделіп жатыр. Жүктеме 34 процент. Қажет болған жағдайда кереует санын 3 мыңға дейін арттыруға дайынбыз.

Жалпы карантин талаптарын қатаң сақтау мақсатында мобильді топтардың жұмысы жалғасып жатыр. Мәселен, Қостанай облысында 1 тамыздан бастап 2 мыңнан астам рейд жүргізілді. Нәтижесінде 206 заң бұзушылық анықталды. Вакциналау жұмыстары да жалғасын тауып келеді. Екпенің бірінші компонентін облыс тұрғындарының 61 проценті алса, екінші компонентті азаматтардың 53 проценті салдырды. «Ашық» жобасына қатысу үшін кәсіп иелерінен 5 мыңға жуық өтініш келді. Оның ішінде 4700-ден астам субьект өзіне тиесілі QR-кодын алды. Өткен айдың басындағы көрсеткішпен салыстырғанда «Ашық» жобасына қатысушылардың саны шамамен 2 мыңға артып отыр.