Қымбат ұялы телефон ұрлағандар ұсталды   

Елордалық полицейлер қоғамдық орындарда бірнеше рет ұрлық жасаған екі күдіктіні ұстады.

27 және 33 жастағы екі азамат ел астанасына Семей қаласынан келген. Олардың 8 рет ұрлық жасағаны анықталды. Негізінен қоғамдық көлікте немесе далада адамдардың қалталарынан қымбат ұялы телефондарды қолды қылған. Тәртіп сақшылары барлық дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдіктілер қазір уақытша ұстау изоляторында. Полиция департаменті қала тұрғындарын мұқият болып, жеке заттарды қараусыз қалдырмауға шақырады.

Дмитрий Демидов қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы:

– Соңғы күндері қоғамдық көлікте жасалған ұрлық саны көбейгенін ескеріп, полиция қызметі жедел іздестіру шараларын ұйымдастырды. Соның арқасында қалаға келген екі ұрыны ұстадық. Олар қылмысты негізінен таңертең, түсте және кешкі уақытта, яғни адам көп кезде жасайтын. Біз оларды автобустар мен аялдамада орнатылған бейнебақылау камералары арқылы таптық. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр.