Баспанасы өртенген отбасы көршілерін мекен етіп жүр

Солтүстік Қазақстан облысына күнгейден көшіп барған жұрт пеш жағуға қорқады.

Жақында Подгорное ауылында өрт болып, бүтін бір отбасы зардап шекті. Оңтүстіктен қоныс аударған тұрғындардың айтуынша, жаңа үйлердің пеші мен мұржасы дұрыс салынбаған.

Нұрсұлтан Хуатов солтүстікке отбасымен бірге Арыс қаласынан көшіп келді. Өткен бейсенбі олар тұратын үйдің шатыры өртеніп, баспанасы бүлінді.

Нұрсұлтан Хуатов, Подгорное ауылының тұрғыны:

– Шоқтан түсті деді. Сырттан шоқ кірді деген маған несін берді, қағаздарын берді. Осылай жоғарыдан шоқ кірді деген. Сол үстінде стойкілері жанды. Астындағы балкілері жанды. Тіреп тұрған қадалары барлығы жанып кетті. Өрт сөндірушілер су құйып мынаның арасының бәріне су кетті қазір.

Қазір зардап шеккен отбасы көршілерінде тұрып жатыр. Өрттен кейін олар да от жағуға қорқып қалған. Өйткені мемлекеттік баспаналар бірдей: сол пеш, сол мұржа, сол шатыр. Тұрғындардың айтуынша, бар мәселе жылыту жүйесінде болып тұр.

Жадыра Кәрібаева, Подгорное ауылының тұрғыны:

– Мына трубамыз тіке. Трубамыз тіке, жаңағы от жаққан кезде от шоқ ұшады дағы, үйдің шифердің тесігінен үйдің ішіне кіріп тұр да. Содан үйдің жоғары жағы өртеніп тұр ғой. Үйдің жоғары жағы ағаштан, опилкадан. Опилка жаздың күні кеуіп тұрғаннан кейін ол бірден отқа айналған. Ендігі бізде қорқыныш.

Өрт болған үйге аудандық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы, жұмыспен қамту бөлімінің басшылары мен мәслихат хатшысы келді. Олардың айтуынша, 2019 – ыншы жылы салынған үйлер биыл қайтадан жөнделген. «Ал зардап шеккен отбасыға көмектесеміз», - деді.

Қайсар Әмірин, Қызылжар аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

– Көрсететін көмек – қазір мынау жұма күні қандай зақым келді өрттің арқасында, қандай конструкциялар отқа шарпылды, соның бәрін анықтады. Енді қазір сол материалдарын жинап, жуық арады бригаданы жұмысқа кіргізіп, көмегімізді береміз.

Бір қызығы, өртті болдырмауға болар еді. Биыл бұл үйлерді төтенше жағдайлар қызметкерлері тексерген. Оның қорытындысы бойынша Қызылжар ауданындағы «Еңбек» бағдарламасы бойынша берілген баспаналардың бірде – біреуінде өрт қауіпсіздігі сақталмаған.

Аслан Ахметжанов, Қызылжар аудандық ТЖБ бастығы:

– Қызылжар аудандық тұрғын үй – коммуналдық бөлімінің өтініші бойынша, шілде айында «Еңбек» бағдарламасы бойынша салыған барлық 87 үй тексерілді. Өрт қауіпсіздігінің ережелері әр үйде бұзылған. Бұл туралы оларға айтылды. Соңғы жағдай бойынша, өрт мұржадан түскен шоқтан болған.

Мәселенің мәні осында. Бірақ шенеуніктер төтенше жағдай қызметкерлерінің ресми хатына «жай ғана ұсыныс» ретінде қарап отыр.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев