Игерусіз жатқан жерлер мемлекетке қайтарылады

Атырау облысында бос жатқан жерлер мемлекет қорына қайтарыла бастады.

Жалпы аймақ шаруаларынан бес мың гектар кері алынады. Жер жетпей, таршылық көріп отырған жұрт қарасы көп. Мысалы,  Қызылқоға ауданында  кейінгі 15 жылда мал басы өсіп,  жайылым мен шабындыққа қатысты тапшылық туды. Енді игерілмеген жер жұртқа конкурс арқылы беріледі.  

Қызылқоға ауданындағы «Құрман» шаруа қожалығында 600 ден астам ірі қара мен 2 мыңға тарта ұсақ мал бар. Осыдан 3 жыл бұрын несиеге алған ангус тұқымды қара сиырлар құмды өңірге жерсініп, алғашқы өнім бере бастаған. Енді шаруагерді қинайтыны жер тапшылығы.

Құрман Аманғалиұлы, шаруа:

– Мал басын 1 мыңға жеткізуге болады. Тек жер жетпейді. Айналдырған 3,5 мың гектар жеріміз бар. Жылқы бар, түйе, қойымыз бар. Жер жетпейді. Қазір қай шаруашылыққа барсаңыз да осы мәселе.

Құрманмен көршілес қой өсіретін шаурашылық екі жылдан бері мал басын асылдандырып, қойдың санына емес, сапасына көңіл бөле бастапты. Сол себепті қарамағында 35 мың гектар жердің артығын мемлекетке қайтарғалы отыр.

Нұрбай Әбдірахманов, қожалық жетекшісі:

– Ойыл өзенінде су болмауына байланысты соңғы кезде шөп жағынан таршылық көріп отырмыз. Өзімізден артылған 5 мың гектар жерімізді Үкіметке кері қайтардық. Енді малымызды асылдандырып жатырмыз. Енді әрбір қыстақ басына 400 тоннадай шөп дайындап жатырмыз. Бұрын жеке қожалықтарға сатаушы едік. Енді қазір ++ су тапшылығына байланысты сататын шөп жоқ.

Қызылқоға ауданында 2,5 млн гектардан астам шабындық және жайылым бар. Қазір 400 мың гектарына көршілес Индер мен Мақат ауданының шаруашылықтары шалғы салған. Оның басым бөлігі бұрын игерілмей бос жатқан жер телімдері. Президент тапсырмасына сай енді жер телімдері тек қана нақты жұмыс істейтін шаурашылықтарға конкурс арқылы берілетін болады. 

Жәнібек Тұрдағалиев, Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары:

– Конкурсқа 59 жер телімі шығарылып, оның 57 өтті. Екеуіне түсуші болған жоқ. 54 мың гектар жер берілді, конкурс арқылы.  Игерілмеген жер бойынша соңғы 2 жылда 82 мың гектар жер қайтарылды.Конкурстың басты қағидаты 1 гектар жерге кем дегенде 30 мың теңге инвестиция салуы керек. Онан төмен болса, бағалауға жатпайды.

Атырау облысы бойынша биыл 573 мың тонна мал азығы дайындалуы керек. Оның 400 мың тоннасы дайындалып, қыстақ басына жеткізілген. Қазір Қызылқоға, Құрманғазы аудандары өздеріне керекті жем-шөпті толық дайындап алды. Басқа аудандар көршілес Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарынан тасымалдануда. Тасымалданатын шөп шығынын мемлекет субсидиялйтын болады. Ол мақсатқа биыл жергілікті бюджеттен 400 млн теңге қаралған.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов