ШҚО-дағы Ақши ауылының тұрғындары қашан сапалы ауыз сумен қамтылады?

Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданының Ақши ауылы тұрғындары бірнеше жылдан бері ауыз судан тарығып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

30 жыл бұрын тартылған құбырлар ескіріп, шіри бастаған. Былтыр қазынадан қаражат бөлініп, жаңадан ұңғыма да қазылған. Алайда биыл су деңгейі түсіп кетіп, халық жаздай қиналып шықты.

Болат Көкенайұлы, тілші:

- 800-ге жуық тұрғыны бар Ақши ауылы ескі және жаңа болып 2-ге бөлінеді. Ескі бөлігіндегі 30-ға тарта үй былтырға дейін тіршілік нәрін құдықтан ішіп келді. Ол су тұзды болатын. Немесе арбамен жоғарғы жақтан тасымалдайтын. Өткен жылы осы мәселені шешу үшін аудандық бюджеттен қаражат бөлініп, жаңа ұңғыма қазылып, төменгі ауылға құбыр тартылған.

Сарқыт Сейітжанов, Ақши ауылының тұрғыны:

- Таза суға не жетсін. Мына тұзды судан гөрі таза суымыз өте жақсы екен енді. Оны бұрын білмеппіз. Бұрынғыдай су тасымаймыз, қазір енді жақсы болды. Тәшкімізді де ұмыттық. Әне тұр, тәшкі оның бәрі қалды.

Негізі 2011 жылы бұл ауылға ауыз су тарту жобасы қолға алынып, қаражат бөлінгенмен, жұмыс тиянақсыз қалған. Ауылдың жартысына ғана су құбырлары тартылыпты. Оның өзінде сорғылар істен шығып, тіршілік нәрі тек 2 сағат қана беріліп келген. Былтырғы жасалған жұмыстар да мәселені толық шешпеген.

Түсіпхан Қасымжомартұлы, Ақши ауылының тұрғыны:

- 2010 жылы жөнделген осы мына колонканың жаңа өздеріңіз көргендей ар жағында бір 100 метр жерін айырбастамай кеткен. Қалғанының бәрі пластмасса труба, жақсы. Сол жер қайта-қайта жарылып, міне, бір жарым-екі айдың мөлшері болды көкөніс салғанбыз, міне. Алғашында жақсы шыққан, одан кейін тасымал су. Мына жердегі скважинаны түртіп көріп еді, ары қарай қазылмайды екен, судың деңгейі төмен түсіп кетті деді. Содан кейін мен ананы жасайық, пластмасса құбыр бар емес пе, оны міне, аманшылық болса, шешілсе жақсы болар еді халыққа.

Ал жауапты мамандар бұл олқылықты жою үшін ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқандарын айтады.

Думан Рғаев, Аягөз аудандық ТКШ, АЖ және ЖК бөлімінің басшысы:

- Су мұнарасынан баратын сол жаңағы құбырды ауыстырмасақ, өйткені ол кезде су жерге ағып жатқан. Қазіргі таңда ол жұмыстарды біздің «СУ» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жұмыс атқарып жатыр. Таза ауыз су 24 сағат берілетін болады.

Бұрынғы жобалардың олпы-солпы тұсы көп. Дегенмен, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мамандары қазір ауылда ауыз су мәселесі толық шешілгенін айтып отыр. Жоспар бойынша жыл соңына қарай 50 елді мекеннің 45-ін немесе 30 мыңнан астам халықты сапалы тіршілік нәрімен қамту көзделген.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы