Шаруалар: Су тапшылығы мәселесі төрт жылдан бері шешілмей келеді

Президент халыққа Жолдауында су тапшылығы мәселесін шешуге басымдық берді.

«Осы саланың нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттелуін қамтамасыз етіп, заманауи технологиялар мен инновацияны енгізу үшін экономикалық ынталандыру шараларын әзірлеу қажет», - деді Мемлекет басшысы. Бұл тапсырма тіршілік нәрінен тарығып отырған шаруаларға үміт сыйлады. Әсіресе, елдің батысындағы фермерлер суландыру жүйесін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі деген сенімде.

Айдар Еспенбетов, Жаңақала ауданының тұрғыны:

- Жыл сайын қайталанып келе жатқан жағдай. Төрт жылдан бері. Су тапшылығы, көлтабандарға судың шықпауы. Шаруа қожалықтарының қазір қиналып жатқан кезі. Даладан 300-400 км жерден іздеп барып шөп шабамыз.

Айболат Бөкенов, қоғам белсендісі:

- Президентіміз су тапшылығын да айтып кетті. Мысалы, БҚО-дағы Жаңақала ауданында 17 көлдің екеуі ғана қалды. Ол екеуіне биыл су келмесе, екеуі де кеуіп кетеді. Енді сол мәселені қазірден бастап қолға алып шешпесе, ауыл шаруашылығына ғана емес, жалпы адам баласына да су болмайтын қаупі бар. Осы мәселені шешсе деген халықтың өтініші ғой.