Жамбыл облысының шалғай ауылындағы тас жолдың жыры бітетін түрі жоқ

Жамбыл облысы Ерназар – Қойгелді бағытындағы тас жолдың жыры бітетін түрі жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құрылысы жазда басталады деген жол міне, күз болды әлі төселмей тұр. Жергілікті тұрғындар әкімдік «Жолды жөндейміз» деп алдап кетті дейді. Бірнеше елді мекенді байланыстыратын бұл жолдың әлеуметтік маңызы да зор. Жұрт бұл мәселені көтергелі 30 жылға жуықтаған. Алайда күні бүгінге дейін проблема шешілмей келеді.

Айтып отырғанымыз сол баяғы Талас пен Жамбыл аудандарын жалғап жатқан облыстық маңызды жол. Мұнда асфальт төселмеген. Жөні түзу жол болмаған соң бұл жермен көлік те, автобус та жүрмейді. Қаратау қаласына қатынап, сүті мен ірімшігін, қаймағы мен айранын сатып шәй-пұлын ажыратып отырған жұртқа әрі-бері қатынау қиын болып тұр.

Ербол Тойашов, көлік жүргізуші:

- Ноль. Жол жоқ қой. Қазір ғана Қаратаудан шықтық. Келе жатқан машинаның бір фарасы жанбай қалды. Ол мына дірілдегеннен лампочка бәрі күйіп кетті.

Әмірқұл Дәулетқұлов, Ерназар ауылының тұрғыны:

- 10 жыл бұрын автобустар қатынап тұратын. 6-7 жыл болып қалды тастың төселгеніне, жатыр әлі. Тастың өзі де жеңіл көліктердің жүруіне қиын. Астын ұрады дейді. Бірдеңе дейді, бармайды ешкім. «Әні әстейміз. Міне істейміз» деген тірліктерінің барлығы өтірік. Өтірік айтқанша сол кезде шынын айтпай ма? Біз істемейміз. Өздеріңмен өздерің жан сақтаңдар деп..

Бұл мәселе ұзақ жылдан бері көтерілсе де, түрлі сылтаумен шешімін таппай келеді. Мамыр айында тұрғындар біздің телеарнаға шағымданып, жанайқайды жеткізген. Ол уақытта әкімдік өкілдері бір айдың көлемінде жұмысты бастаймыз деп сендірген еді.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Жыр болған тас жолға тағы да келдік. Әкімдік қаражат бөлінді. Жол жөнделіп, 7 шақырым асфальт төселеді дегелі бірнеше ай болды. Қараңыз. Шағалы шашылып, ойдым-ойдым күйінде жатыр. Енді бұдан кейін билікке жұрт қалай сенеді?

Сәндіхан Әуесханұлы, Ерназар ауылының тұрғыны:

- Өткенде телеарнаға түскенде кейіннен аудан әкімінің орынбасары. Атын ұмытып тұрмын. Пәленшеев. Сол кісі уәде беріп еді. Бастаймыз. Жол жөнделеді. Бәрін қатырады деп еді. Міне, 5 ай болды әлі жоқ. Бағана барсам әкім айтады. Бармаңыз. Сөйлемеңіз. Бір аптадан кейін бастаймыз қатырамыз дейді. Ол Құдай біледі оны, бір апта бола ма? Екі жыл бола ма? Сол арманымызды айтып қалайық. Атып тастаса да!

Бұл жолы әкімдік бар мәселені қаражатқа тіреді. Жыл басында 18 миллион теңге бөліп, жұмысты ертерек бастамақ болған көрінеді. Алайда жоспар жүзеге аспай қалған.

Нұрлан Несіпбеков, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары:

- 18 миллион деген кезінде бірінші конкурс ойната береміз дегенбіз. Ертерек конкурсты ойнатсақ жаз айларына дейін деп. Қаржы көздері болмады. Одан кейін келісімшартқа тұрмаған соң толық 50 миллионды қарап, конкурсқа бердік.

Салаға жауапты әкімдік өкілі жұмыс 1-2 күнде басталады деп шығарып салды. Айтуынша, келісімшарт бар. Шалғайдағы ауыл жолын жөндеуге тендерді жеңіп алған сонау елордалық мердігер компания кіріспек.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә