Ақтөбеде түнде көше кезген жасөспірімдер полицияға жеткізілді

Ақтөбелік полицейлер түн ішінде көше кезген 182 жасөспірімді ішкі істер бөлімдеріне жеткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шара барысында кейбірінен пышақ, біз және тағы басқа кескіш заттар табылды. Ондаған жасөспірім есепке қойылып, баласының тәрбиесіне салғырт қараған 27 ата-анаға ескерту берілді. Егер алдағы бір жыл ішінде кәмелет жасына толмағанның мұндай әрекеті тағы қайталанса, онда әке-шешесіне айыппұл салынып, іс сотқа жолданбақ.

Нұржан Мұқымов, ПД Ювеналды полиция тобының аға инспекторы:

- Арнайы жоспар құрылды. Себебі, өздеріңіз білгендей, қазіргі таңда жаңа оқу жылы басталып жатыр. Барлық орта оқу орындарында, жоғарғы оқу орындарында, жатақханаларда жаңадан келіп жатқан студенттер бар. Соларға профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.