Елімізде жарты жылда 105 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсады

Соңғы жарты жылда 105 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған қоса, 200-ге жуық суицид әрекеті тіркелді. Әсіресе, Түркістан, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарындағы жағдай күрделі. Бүгін Парламент қабырғасында осындай жантүршігерлік сатистика жарияланды. Осыған байланысты орта білім ұйымдарындағы психологиялық қызметтердің жұмысын реттеу ұсынылды. Бұған қоса, тұрғын үйге мұқтаж жетім балаларды есепке қою мерзімін 6 айдан 3 айға қысқарту қажет. Осы және өзге тетіктер заң жобасына біріктіріліп, Мәжіліс депутаттарының отырысында қаралды.

«Бұл түзетулер 3 млн-нан астам оқушының жағдайы мен өмірін жақсартуға бағытталған», - деді құжатты таныстырған депутат Динара Зәкиева. Ал, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, буллинг пен кибербуллинг қоғамда қатты алаңдаушылық тудырып отыр. Балаларды осы қауіптен қорғайтын нақты нормалар қажет.