Ақтаудағы «Ақбота» саябағы сенімгерлік басқаруға беріледі

«Айтылған сыннан нәтиже бар». Ақтаудағы «Ақбота» саябағы сенімгерлік басқаруға берілетін болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күйі тайған демалыс орнын таяуда эфирден көрсеткен едік. Тұрақты бақылаудың жоқтығынан бұзақылар жаяу жүргінші жолдары мен орындықтарды сындырып, үнемі күл-қоқыс шашып кетеді. Жасыл желекті суару мәселесі де шешілмей қойды. Қазір қала билігі мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізуге дайындалып жатыр. Жеңімпаз серіктестік саябақ ішін ретке келтіріп, шағын кәсіпкерлік нүктелерінің көбеюіне жағдай жасауға міндеттеледі. Қазір мұнда 50-ден астам сауда орны бар. Басым көпшілігі жұмыс істемей тұрған аттракциондар.

Тілеген Едігеев, Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Аталған саябақ «Ақбота» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына тиесілі болған. Бұл жердің жеке адамның қолына өтуіне жол бере алмаймыз. Себебі, бұл халық үшін өте маңызды. Мемлекет иелігінде сақтай отырып, конкурс арқылы сенімгерлік басқаруға беруге шешім қабылданды. Ақтау қалалық қоғамдық кеңесімен ақылдасып, олардың қолдауын таптық.