«Алматыкiтап баспасы» TopIQ.kz платформасын таныстырды

Мектеп оқушыларының білім сапасын көтеруде цифрлық технологиялар көмектеседі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы мақсатта «Алматыкітап» баспасы TopIQ.kz деп аталатын электрондық оқулықтар платформасын әзірлеп, мектептерге енгізді.

«Алматыкітап» баспасы Электронды оқулық жасаумен бірнеше жылдан бері айналысып келеді. Әуелде шетелдік әріптестерімен бірлесе кіріскен. Алайда ақпараттық қауіпсіздік туралы заң талабы өзгергеннен кейін цифрлық оқулықтарды баспа мамандары өздері жасай бастады. Осылайша, алғашқы отандық платформаны дайындады. Өнім жаңа ереже бойынша барлық қауіпсіздік талаптарына сай келеді.

Элеонора Баталова, «Алматыкiтап баспасы» директорлар кеңесінің төрағасы:

- Бір жыл пилоттық жоба ретінде сынақтан өттік. Жағымды пікірлер көп болды. Арасында ұсыныстар айтылды. Платформаны жасау кезінде барлығын ескердік. Мұғалімдер бұл платформаны нағыз халықтық деп атап отыр.

Электрондық оқулықтар баспа оқулықтың баламасы ғана емес, мұнда түрлі интерактивті тапсырмалар, бейне және аудио материалдар қоры көп. Қолданушылар үшін 1-11 сыныптардың барлық оқулықтары қолжетімді. Оқушылар өткен тақырыптарды қайталай алады және білімін бекітуге мүмкіндіктер береді.

Элеонора Баталова, «Алматыкiтап баспасы» директорлар кеңесінің төрағасы:

- Біз Kundelik.kz порталымен келісім жасадық. Мұғалімдер мен оқушылар Kundelik.kz платформасынан TopIQ.kz платформасына өтіп кете алады.

TopIQ.kz платформасы қазір кез келген гаджетте қолжетімді. Оны мектеп қабырғасында немесе қашықтан оқу кезінде де қолдануға қолайлы.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожа