Маңғыстау облысында қуаңшылық салдарынан 1163 бас мал қырылып қалды

Маңғыстау облысындағы қуаңшылық салдарынан қырылып қалған мал саны 1163-ке жеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның 194-інің ғана иесі анықталыпты. Әзірге малынан айырылған 7 адамнан ғана өтініш түскен. Бүгінде өңірде өлген малды көмуге арналған биометриялық шұңқырлар қазылған. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов хабарлады. Жем-шөп тапшылығынан зардап шеккен азаматтарға 253 мыңнан аса мал үшін 1,1 млрд теңге көлемінде ақы төленді. Қазір облыста жаңа туған малды тіркеу үшін жасыл дәліздің екі базасы жұмыс істеп тұр. Бүгінге дейін 39 мың өтініш түссе, оның 26 мыңы тіркелді. Басты талап – тіркелетін малдың туғанына екі апта толуы керек. Жалпы Маңғыстау облысындағы жем-шөп тапшылығы мәселесін шешуге Үкіметтен 5,3 млрд теңге бөлу жоспарланған. Оның 2,1 млрд-ы игерілді. Мамандар өңірде қалыптасқан жағдайға байланысты төтенше жариялауға негіз жоқ екенін жеткізді.

Мұрат Мұқанов, Маңғыстау облыстық ТЖД бастығы:

- ҚР ТЖ министрлігінің 3 наурыздағы 107 бұйрығы бар. Өсімдіктердің зақымдануын туғызатын 20 немесе одан да көп күнде күндіз ауаның салыстырмалы ылғалдылығы 30%-тен, топырақ қабатының су қоры 35 мм және одан да көпке сақталуы керек. Ал енді «Қазгидрометтің» ақпаратына сәйкес біздің облыстағы су қоры, ауаның салыстырмалы ылғалдылығы 30%-тен төмен көрсеткіш көрсетіп отыр. Бұл ең көбі 20 күннен асу керек. Ең көбі 18 күн болып тұр бүгінгі таңда. Заңнамаға сәйкес келмейтіндігі содан.