Алматы тұрғыны үйінің ауласын гүлзар баққа айналдырды

Алматылық Ирина Сәбитова өз үйінің ауласын гүлзар баққа айналдырды. Аулада жайқалып өскен раушан гүлдері төңірекке жұпарын шашып, көздің отын алады. Ал түрлі аң мен құстардың, ертегі кейіпкерлерінің шағын мүсіндері көңілге қуаныш сыйлайды.

Қаланың орталығында орналасқан осы үйге Ирина Сәбитованың көшіп келгеніне 30 жыл болды. Алғашқы жылдары үйдің жан-жағы ашық-шашық еді. Бірақ табиғат пен тазалыққа жаны жақын әйел айналасын әсемдікке бөлегісі келеді. Әуелі гүл екті. Ал бірнеше жыл бұрын сазбалшық пен гипстен жасалған түрлі жануардың мүсіндерін жинай бастады. Қазір оның гүлзарына 50-ден астам мүсін қойылған.

Ирина Сәбитова, қала тұрғыны:

- Балалар жиі келіп мысық, тасбақа, қоянның мүсіндерін тамашалайды. Асыр салып, мәз болады. Балалардың қуанғаны жақсы ғой. Мысалы, немересін ерткен апасы жануарларды көрсетіп, қазақша қалай аталатынын үйретіп жүргенін көргенімде риза болдым. Бұл керемет ғой. 

Тұрпаты шағын болып көрінгемінен мүсіндердің салмағы ауыр. Мысалы, тасбақаның салмағы 120 кг. Себебі ол бетоннан жасалған. Ирина бұл мүсіндерді жылына екі рет ауыстырып тұрады. Үнемі сыртқы пішіндерін қалыпқа келтіріп, бояп сырлайды. Ал раушан гүлін күтіп-баптаудан жалықпайды.

Ирина Сәбитова, қала тұрғыны:

- Раушан гүлдеріммен мақтанамын. Олар өте әдемі. Күнара суарып тұрамын. Гүлді өсімдік емес, әсемдіктің белгісі деп білемін. Гүлі көп үйде қуаныш та мол болады деп ойлаймын.

Ирина Сәбитованың үш қызы, немерелері бар. Күнделікті шаруадан қолы босай қалса ине жібін алып, кесте тігеді. Оның шағын галереясында моншақтан тізіп жасалған жиырмадан астам картинасы бар. 

Алмас Садуақас, Валентин Лобанов