Тараздағы көлік апаты кезінде жүргізуші қалғып кеткен болуы мүмкін

Таразда жеңіл көлік аялдамада тұрған 4 адамды қағып кетті. Жантүршігерлік оқиға 9 және 7-ықшам ауданның қақ ортасындағы жолдың бойында болды.  Қатты соққыдан екі адам оқиға орында көз жұмды. Тағы біреуі ауыр халде жатыр.

Қайғылы оқиға таңда болған. Жүйткіген ақ түсті кроссовер кенет қарама-қарсы жолға шығып аялдамаға тоқтаған автобусқа мінгелі жатқан бір топ адамды қағып өткен. Жантүршігерлік апат видеобақылау камерасына түсіп қалды.

Бақыт Ратаев, облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары:

- 7-мөлтек аудан мен 9-мөлтек аудан ортасынан өтетін жолда жол-көлік оқиғасы болған. Салдарынан екі азаматша қайтыс болып, екі азаматша жансақтау бөліміне түсті. Жол-көлік оқиғасына қатысты жүргізушіге қазіргі таңда тергеу амалдары басталды.

Екі адам жедел жәрдем келгенше оқиға орынында жан тапсырды. Қайтыс болған 40 пен 60 жас аралығындағы әйел адамдар. Тағы екі адам ауруханаға жеткізілді. Оның біреуі жансақтау бөлімінде ауыр жағдайда жатыр. 

Сәкен Жұмашев, қалалық көп бейінді аурухана бас дәрігерінің орынбасары: 

- Жағдайы өте ауыр. Оның бес қабырғасы сынған. Және миы шайқалған. Төменгі жақ сүйегі сынған. Екі тізесіндегі шеміршектерінің бәрі үзілген. Қазіргі жағдайы өте ауыр. 

Көліктің тізгінінде 23 жастағы жігіт болғаны нақтыланды. Ол полиция келгенде оқиға орнында болған. Болжам бойынша жүргізуші ұйықтап кеткен сияқты. Қазір мән-жайды анықтау үшін сараптама тағайындалған. Аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды. 

Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Сондай-ақ...