Еліміздегі халық санағына онлайн қатысқан адам саны 3 млн асты

Халық санағының онлайн кезеңіне қатысқандардың саны 3 миллионнан асты. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов мәлімдеді.

Айтуынша, бұл науқанға қатысан тұрғындардың белсенділігі жоғары. Сондай-ақ еліміз бойынша 3 мыңнан астам санақ бұрышы ашылған. Олар халыққа қызмет көрсету орталығы, ірі сауда орындары және Қазпошта бөлімшелерінде орналасқан. Онда санақтан онлайн өтуге мүмкіндігі жоқ адамдар, арнайы кеңесшілердің көмегімен сауалнама толтыра алады. Бюро басшысы онлайн санақ сауалдарына қате жауап бергендердің барын да айтты.

Нұрболат Айдапкелов, Ұлттық статистика бюросының басшысы:

- Отбасы құрамы жөніндегі сұрақтарға тек жанұя басшысы жауап береді. Отбасының қалған мүшелері тек жеке сұрақтарға жауап береді. Тек әйелдерге арналған сұрақтар бар. Жұмыссыздық туралы сұрақтар жұмыспен қамтылған немесе өз-өзін жұмыспен қамтыған азаматтарға қойылмайды.