Түркістан облыс мәртебесін алғаннан бері қалай түрленді?

Түркістан облыс мәртебесін алғалы 3 жыл өтті. Осы уақыт ішінде халық саны 83 мыңға көбейіп, қазір 2 млн асты. Тұрғындардың 21 проценті қалада, 79 проценті ауылдық жерде тұрады. Облыста екі жылда 200-ден астан нысан салынып, туризмді дамыту жұмыстары қарқынды жүрді. Жалпы Тәуелсіздік жылдары Түркістан қалай өзгерді?

Осыдан 3 жыл бұрын Елбасының жарлығымен Түркістан облысы құрылды. Содан бері ауқымды жұмыстар атқарылып, рухани шаһар қайта түледі. Әсем ғимараттар бой көтеріп, оң өзгерістер болды. Мұндағы әкімшілік іскерлік және мәдени-рухани деп екі орталыққа бөлінген аумақта соңғы 2 жылда 257 нысан салынды. Оған мектеп, балабақша, театр, музей, бес жұлдызды қонақ үйлер мен туристік нысандар, бизнес орталықтары мен әкімшілік ғимараттар және тұрғын үйлерді қосуға болады. Қалада жыл соңына дейін 5 мыңнан астам отбасы қоныс тойын тойлайды деп күтілуде.

Тоқтар Үсіпалиев, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:

- 2020 жылдан бастап Түркістан қаласында инвесторлардың тарапынан тұрғын үйлердің құрылысы басталды. Қазіргі уақытта шамамен 70 он екі қабатты, бес қабатты үйлердің құрылысы жүргізіліп жатыр. Біразы қабылданып, сатылып жатыр. Әкімшілік іскерлік орталықта 85 тұрғын үй Құрылыс басқармасы арқылы іске асырылып жатыр. 5229 пәтерді құрайды.

Киелі шаһардың келешегі туризммен байланысты. Қазір мұнда еліміздің әр аймағынан Орталық Азиядағы бірегей жоба - «Керуен сарай» кешенін көруге келетін қонақ санында есеп жоқ. Аумағы 188 гектар болатын қалашықтың ішінде бес жұлдызды қонақүйлер, су бетіндегі театр, амфитеатр, қиял-ғажайып балалар ойын алаңы, сауда орындары мен мейрамханалар орналасқан. Келген туристер мен қонақтар кешен ішін қайықпен аралайды.

Ергеш Оспанов, Қызылорда облысының тұрғыны:

- «Мың естігеннен бір көрген артық» деп көруге келдік. Өте әсерлі, баяғыдағы Шығыстың үлгісіндегі үйлер мен орта ғасырда жүргендей сезіндім өзімді.

Нұрдәулет Медеуов, облыстық туризм басқармасының бөлім басшысы:

- Түркістан облыс болмай тұрған кезде мұнда бес жұлдызды қонақүйлер аз еді. Қазіргі таңда 3 бес жұлдызды қонақ үйіміз бар. Бір күндік келушілердің де саны артып отыр. 2021 жылы 1 млн дейін жеткіземіз деген жоспар болған. Қазір 8 айдың қорытындысы бойынша 1 млн асты. Бірақ келушілердің санын 2025 дейін 2 млн дейін жеткізу біздің жоспарда бар.

Ең бастысы, халықаралық әуежай ашылды. Еліміз бойынша барлық өңірге рейстер іске қослыды. Стамбул, Ташкент және Бішкек бағытында ұшақтар қатынайды. Бұдан бөлек қысқы туризмді дамыту бойынша Қасқасу тау шаңғы базасы салынып жатыр. Келесі жылы Түркістан, Шымкент және Ташкентті байланыстыратын жүрдек пойыз жолға шығады. Мұның барлығы туризм саласының дамуына серпін береді. Ал еліміз Тәуелсіздік алған жылдары бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысында 841 елді мекен болса, тек соның 189-ы ғана орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылған болатын. Ал қазір…

Бақытжан Полатбеков, облыстық энергетика және түкш басқармасы басшысының орынбасары:

- 717 елді мекенге таза ауыз су құбыры тартылған. Оның ішінде 7 қала бар. 710 ауылды елді мекен бар. Бүгінгі күні елді мекеннің 93 проценті, қаланың 99,4 проценті ауыз сумен толық қамтылған. 2025 жылға дейін біз толығымен 100 процент су мәселесін бітіреміз.

Ал 90-жылдары өңірдегі 90 елді мекені ғана табиғи газбен қамтылған болса, қазір 444 ауыл газға қосылған. Демек, облыс халқының 66% яғни, 1 млн 400 мың тұрғын көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Ал Түркістан қаласына сұйық отын толық жеткізілгенімен тұрғындардың 50%-тен астамы ғана газға қосылған. Халыққа көгілдір отынның тиімділігі түсіндіріліп жатыр. Қалған ауылдар 2025 жылға дейін толық газбен қамтылады. 5 мың шақырым жолға асфальт төселіп, жөндеуден өткізіліді. Қазір қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 40% асты. 

Ролан Ибрагимов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Бұл жерде газ да болмаған, канализация да болмаған. Енді облыс орталығы болғаннан кейін қазір бірінші кезекті біз инженерлік-инфрақұрылымдардың бәрін жүргізіп алып, одан кейін келесі жылдарға кіріп жатырмыз. Өйткені қатар жүретін болса сапасыз болып қалуы мүмкін. Ертең жолдар отырады, ол халықтың наразылығын туғызады. Сол себептен біз жоспар құрдық, алдымен инфрақұрылым бітеді, артынан жол түседі.

90-жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы халқының саны 1 млн 800 мыңнан әзер асатын. Ал қазір Түркістан облысы тұрғындарының саны 2 млн 60 мыңға жетті. Облыс құрылған 3 жылдың ішінде өңірге 1,5 млрд доллар инвестиция тартылған. Қазір қаланың іші жасыл желекке оранып, айналасында 7700 гектар алқапқа «Жасыл белдеу» құрылды. 5 жарым мың гектар жерге өңір табиғатына бейім 7-8 түрлі ағаш егілді. Бұл дегеніміз 13 мың гектардан астам жерде орман болады деген сөз. Алайда топырағы шөлейтті болғандықтан еккен ағаштың бәрі өне бермейді. Онымен қазір ғалымдар айналысып жатыр.

Қайрат Әбдуәлиев, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

- 70-75 процент өсімділік бар таулы аймақтарды қосқанда, ал Түркістан аймағында, шөлейт аймағымызға 50-55 процент деп ғалымдар нақты қорытындысын беріп отыр. Экологияны жақсарту мақсатында биылдың өзінде 30 жылдыққа орай 17 млн ағаш егілді облыс бойынша. Біздің жоспарымыз жыл соңына дейін 30 млн ағаш егу. 

Өңір орман шаруашылығын Өзбекстанмен бірлесіп дамытпақ. Себебі көрші ел Аралдың табанын көгалдандыруды мемлекеттік деңгейде қолға алған. Шөлейтті жерді игеруде тәжірибесі де бар. Екі ел арасында былтыр түзілген меморандум аясында 2021 жылдың 8 айында Өзбекстаннан 44 мың дана әртүрлі көшет алынып, жұмыстар жалғасты. Мұның үстіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында 2 млрд түрлі ағаш көшетін отырғызуды тапсырған болатын. Оның 217 млн түбі Түркістан облысында отырғызылады.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы