426,32 492.05 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Атырау жұртын ауызсу тапшылығы алаңдатып отыр

  • 124
  • UPD: 08:23, 16.09.2021
Атырау жұртын ауызсу тапшылығы алаңдатып отыр

Атырау облысына қарасты Қызылқоға ауданында екі елдімекен ауыз суға зәру.

Осыдан 40 жыл бұрын қазылған су ұңғымаларының қоры азайған. Аудан орталығы Миялы және Жангелдин, Жасқайрат ауылдарына су кестемен беріледі екен. Осы ретте «Тайсойған-Миялы» жаңа су құбырының жобасы қолға алынған болатын. Алайда бағасы 5 млрд теңгеге жуық жобаның биыл да жүзеге аспайтын түрі бар.

Ала жаздай ауыз сумен алысқан инженер Руслан Әжіғалиев қазір жағдайдың қалыпқа түскеніне қуанышты. Себебі, ауылдарға тірлік нәрі үнемі жете бермейді. Оның үстіне ауданда тұрғын саны да жыл санап көбейіп келеді.

Руслан Әжіғалиев, «ҚАЗСУШАР» РМК Қызылқоға өндірістік учаскесінің инженері:

– Қазір күннің салқындауына байланысты сұраныс азайып келе жатыр. 500 текше метрдің шамасында беріп отырмыз. Жаз айларында сұраныс артып кетеді. 1000-ға дейін барады. Сорғылардың жұмыс қысымы тұрақты жетіп отыруы үшін 2-2,5 атмосфера беріп отырамыз.

Аудан орталығы Миялы ауылында 7,5 мың адам тұрады. Оған топтық су құбырына ортақтасатын  «Жангелдин», «Жасқайрат» ауылдарындағы 3 мыңға тарта тұрғынды қоссаңыз ауыз суға деген қажеттіліктің артатыны анық. Ал 3 ауылды қамтып келген «Қарасудың» қоры жыл санап кеміп барады. 2011 жылғы барлау бойынша ол тәулігіне 346 текше метр су беруге қауқарлы екен. Енді қосымша су көзін іздемесек, жағдай қиындай түседі,-дейді ауыл әкімі 

Сәндібек Салықов, Миялы ауылдық округінің әкімі:

– Күніне 400 текше метр су беріп тұрмыз. Қосымша демеушілер арқылы біз 6 ұңғыма қаздырған болатынбыз. Енді қазір 1000-1200 текше метр су беріліп тұр ++Алдағы екі жылдықта жер асты су қорының аздығына байланысты су жеткізе алмау қаупі бар.

Алайда құмға қаншама бұрғы салғанымен, қордың толықпайтыны белгілі. Себебі, жерді нәрлендіретін ылғал жыл санап кеміп барады. Құрғақшылық салдарынан құмның құдықтарының өзі суалып, дәмі кермек татып барады екен.

Ойыл өзені бұрын арнасынан асқанда, осы жайылманы толтырып барып, «Қарасуға» құятын. Сонан Қарасу корек алатын. Бірақ соңғы 5 жылда өзен тасымады да, Қарасу да қорексіз қалды Енді қазіргі оның су қоры 2 жылға жете ме, жетпей ме ол да аудан үшін мәселе болып қалып отыр.

Былтыр ауданды толықтай ауызсумен қамту үшін «Тайсойған-Миялы» тораптық су құбырының жобасы жасақталған. Тайсойған құмындағы ауыз су қоры 19 млн текше метр деп болжаныпты. Алайда, ол жоба биыл да жүзеге аспайтын сыңайлы. Себебі, ауылдарға су жеткізу үшін 4,750 млрд теңге керек екен. Қазір салааралық келісімдер басталған. Бірақ әзірге бірде-бір ұңғыма қазылған жоқ.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантрай Мәтенов, Темірлан Сұлтанғазиев

Хабар 24 телеарнасы