Қостанайда жалған ақпарат таратушыға іздеу салынды

Әлеуметтік желіде екпе салдырған оқушылардың өлімі туралы ақпарат қостанайлықтардың үрейін ұшырды.

Әлдекім облыс орталығындағы мектепте «мантуға» егілген 13 баланың біреуі көз жұмып, үшеуі жансақтау бөліміне жатқызылды деп аудиожазба таратқан. Одан қалды екпе ата-аналардың рұқсатынсыз жасалынған делінген. Аталған хабарламаны денсаулық сақтау басқармасы жоққа шығарды. Ал полиция кінәліні анықтау үшін қылмыстық іс қозғады. Соған сәйкес оған бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Наталья Гунько, №7 жалпы білім беретін мектеп директорының м.а:

– Мектепте бірінші қыркүйектен бастап ешқандай екпе салдыру шарасы жүргізілген жоқ. Оқушылар штатты режимде оқып жатыр. Бәрі де аман-есен. Осы келеңсіз жәйт бойынша полиция мен прокуратураға арыз жаздық. Қылмыскер осындай жалған хабарламамен мектебіміздің мәртебесіне нұқсан келтірді. Ол заң жүзінде жауапқа тартылуы міндет.