Еуразиялық медиафорумның екінші күнінде қандай мәселелер талқыланды?

Жалған мәлімет қоғамдық көзқарасты екіге бөлуі мүмкін. Осыған байланысты әлемге ақпараттық қауіпсіздік пен фактчекинг керек.

Еуразиялық медиафорумның бүгінгі тақырыбына осы мәселелер арқау болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кешегі отырыстың күн тәртібінде болған Ауғанстан ахуалы да назардан тыс қалмады. Панельдік сессияларда тағы қандай пікірлер айтылды?

Еуразиялық медиафорумның екінші күні шараның ресми ашылуынан басталды. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев алғысөз алып, құрметті меймандар мен қатысушыларға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемдемесін жеткізді.

Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы:

- Соңғы жылдары Еуразиядық медиафорум жаһандық тақырыпта пікір алмасудың медиялық алаңына айналды. Белгілі саясаткерлер, сарапшылар мен халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мұнда өзекті тақырыптарды талқылайды. Биыл Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Форумға қатысушылардың жұмысына тек жеміс тілеймін.

Форумның негізін қалаушы Дариға Назарбаева елордаға арнайы келген спикерлерді форумның ашылуымен құттықтады.

Дариға Назарбаева, Еуразиялық медиафорумның ұйымдастыру комитетінің төрағасы:

- Шыны керек, сіздермен жүзбе-жүз кездесуімізді, пікірталастарыңызды өте қатты сағындық. Қазір онлайн формат тиімді болып тұр. Дегенмен, аудиториямен тікелей сұхбаттасқанға не жетсін. Біз осы кездесуді 2 жыл күттік. Пандемия салдарынан 2 жыл қорқыныш пен үрейде өмір сүрдік. Өкінішке қарай, жақындарымыздан айырылып қалдық.

Бірқатар сарапшы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған соңғы жолдауын жоғары бағалады. Күні кеше көкейкесті сұрақтар ішінде негізгісі Ауғанстан ахуалы болса, бүгін ақпараттық қауіпсіздік, фейк жаңалықтармен күрес тақырыптарына басымдық берілді. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева журналистердің пандемия кезіндегі күрделі жұмысы туралы айтты.

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:

- Бәріміздің ортақ дұшпанымыз бар. Ол әрине - коронавирус. Осы тұрғыда жалған ақпаратпен күресті күшейтуіміз керек. Қоғам тек шынайы хабарды жоғары бағалайды.

Ал ресейлік сарапшы Ксения Собчактың айтуынша, көптеген бұқаралық ақпарат құралдары қаралым үшін қоғамға керексіз мәліметтерге мән береді.

Ксения Собчак, тележүргізуші:

- Сапалы ақпаратты оқитындар саны ешқашан көп болған емес. Және солай болады да. Бұл заңдылық. Көпшілік арзан жаңалыққа құмар. Және XXI ғасырда олардың саны күрт көбейіп кетті деу қате ұғым. Мәселе интернет қолжетімділігінің артуында болып отыр.

Халықаралық шараның әр отырысына қатысып жүрген модератор Риз Ханның пікірі бойынша көрермен өзіне жағымды ақпаратты рас көріп, көзқарасына кереғар келетін жаңалықты жалған деп санауы мүмкін.

Риз Хан, Еуразиялық медиафорумның модераторы:

- Бұқаралық ақпарат құралдарына деген сенім азайды деп айта алмаймын. Әр адам өзіне ұнайтын жаңалықты көргісі келеді. Сондықтан саяси көзқарас талғамында талас жоқ. Көрермен тек өзіне керегін алады. Ақпарат сапасы нашарлаған жоқ. Әлеуметтік көзқараста сан алуандық пайда болды деу дұрыс шығар.

Бірқатар сарапшы ақпараттық салаға тәліптер де мән беріп жатқанын айтты. Бірақ олардың ойынша, аталған қозғалыс радикалды болмаған болса, «Талибан» атауы да болмас еді. «Сондықтан жалпыға ортақ зайырлы көзқараспен санаспайды», - дейді мамандар. Ертең Еуразиялық медиафорумның соңғы күні екенін айта кету керек.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Аят Дүйсембаев