ҚР АШМ: Биылғы астық түсімі ішкі нарықтың сұранысын толық қамтиды

Елде астық алқабының 83%-і орылып, қамбаға 12 миллион тонна бидай құйылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Диқандар жалпы ауданы 13 миллион гектар жердегі дәнді дақылды шашпай-төкпей жинап алды. Бірақ өнім көңіл көншітпей тұр. Орташа есеппен гектарына 9,1 центнерден айналады.

Талғатбек Әбдіқожа, тілші:

- Қостанай облысында егін орағы аяқталуға таяу. Бүгінгі күні жалпы алқаптың 95%-і орылып, 2 миллион 800 мың тонна астық жиналған. Бұл көлем былтырғы жылға қарағанда біршама төмен. Оған басты себеп – қуаңшылық. Әсіресе, облыстың оңтүстік аудандары ылғал тапшылығының зардабын тартты. Оларда гектарынан 2-5 центнерден ғана өнім алды. Ал солтүстік аудандарда 8-11 центнерден дайындалып жатыр. Десе де, өндіріс пен ғылымды ұштастырып, агротехникалық шараларды дұрыс сақтай білген шаруашылықтар қуаңшылыққа қарамастан жоғары өнімділікке қол жеткізген. Мәселен Нұркелген Утеулин басқаратын шаруашылық гектарынан 15-20 центнерден астық алуға ниетті. Сапасы да, қамырлығы да жоғары. Бірақ оның да бір түйткіл тұстары бар көрінеді.

Нұркелген Утеулин, шаруа:

- Менде бидай қамырлығы 35-40%-ке жетеді. Бірақ қамырлығы тым жоғары болса, диірменшілерге тағы ұнамайды. Себебі ондай ұннан жасалған нан өнімдері онша көтерілмейді. Оларға қамырлылық 23-25% аралығында болуы керек. Сондықтан біздің сапалы бидайды төмен сұрыптылармен араластыру үшін алады.

Ал, Ақмола облысының Өркен ауылында жағдай қиын. Шаруалар шығынға шаш етектен батқан. Несібесін дархан даладан алатын  Денис Швайбовичтің серіктестігі биыл жарымай қалды. Гектарына небәрі 4 центнерден өнім алған. «Тыңайтқыш пен басқа да қажеттіліктерге қыруар қаржы жұмсаған шаруа, 500 млн теңге шығынға баттық», - дейді. Ал, жиналған астық 4 мың тоннадан аспайды.

Денис Швайбович, серіктестік басшысы:

- Жиналған бидайдың сапасы әйтеуір кішкене көңіл қуантады. Қамырлығы жақсы. Бірақ дән ірі емес. Міне, биылғы жылғы жағдай осындай.

Осындай жағдайға қалған жалғыз Денис емес. Вегетациялық кезеңде қуаңшылық болуына байланысты көптеген шаруа қожалықтары өнімді аз алып отыр. Есесіне биыл бағасы көтерілді. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы биыл бидайдың тоннасын 130-107 мың теңге арасында бағалады. Бұл былтырғыдан 24%-ке қымбат. Мамандардың айтуынша, биыл өнімі төмен болғанымен сапа жылдағыдан жоғары.

Алмат Кунаков, ҚР АШМ Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің  басқарма басшысы:

- Биылғы өнімнің сапасы өте жоғары. Мысалы 10 қыркүйекке дейін лицензиясы бар астық қабылдау орталықтарына 1,2 миллион тонна жұмсақ бидай түсті. Оның 90,6%-і бірінші және үшінші сұрыпқа жатады. Үшінші сұрыпты былтырмен салыстыратын болсақ, 10%-ке көп. Төртінші, бесінші сұрып және сапасы төмен бидайдың үлесі 9%-ке азайған.

Солтүстік Қазақстан облысында да күзгі дала жұмыстары аяқталуға жақын. Ауыл шаруашылығы басқармасының соңғы дерегі бойынша, қазір өңірде 2 млн. 500 мың тонадан аса астық жиналды. Өңірде жалпы егіс аумағының 80%-і орылды. Орташа түсім гектарынан 10,7 центнер. Кейбір диқандар қуаңшылыққа қарамастан мол өнім алып жатыр. Солардың бірі – Ерлан Зікірин. Шаруа қожалық биыл 18 мың гектар жерге дән сепкен.

Ерлан Зікірин, фермер:

- Бүгінгі таңда егіннің 75%-і жиналды. Кей жерлерде 20-21 центнерден өнім шықты. Күннің ыстығынан бидай тез пісті. Сондықтан жиын-терім науқанына бір ай бұрын кірістік. Астық шығымдылығына агротехнологиялар да әсер етті.

Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл 15 миллион тоннадан астам астық жиналады деп жоспарлап отыр. Бұл ішкі нарықтың сұранысын толық қамтып, экспорттауға да жетеді. Ал мұнда 15 қыркүек күні өңірлерде астықтың қанша проценті жиналғаны жайында толық ақпарат көрсетілген.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожа