Қазақстанда коронавирустан қайтыс болу дерегі екі есеге азайды

Бұл туралы бүгін «Ел үшін егілемін» республикалық азаматтық штаб өкілдерінің Көкшетаудағы журналистермен кездесуі барысында айтылды.

Жиынға коронавирус пандемиясымен күрес мақсатында құрылған қозғалыс мүшелері, аймақтағы зауыт-фабрикалардың жұмысшылары, дәрігерлер және қоғам белсенділері қатысты

«Ел үшін егілемін» деп аталатын азаматтық штаб құрамында қазір білікті дәрігерлерден бастап құзырлы органдардың мамандары, волонтерлер мен журналистер де бар. Штаб мүшелерінің сөзінше, қазір ел азаматтарына екпе алу ауадай қажет. Сондықтан олар халықты жалған ақпараттарға сенбей, вакцина алуға шақырды. Себебі қауіпті індеттің беті қайтар түрі жоқ.

Ержан Байтанаев, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі:

- Жалпы республика бойынша өткен тәулікте 3343 азаматымыз коронавирус инфекциясына шалдықты. Алдыңғы орындағы өңірлер бар. Алматы облысында 704 адам, Қарағанды облысында 463 адам. Коронавирус инфекциясына шалдыққандар арасында 1105 адамның жағдайы ауыр, 321 пациенттің жағдайы өте ауыр және 194 азаматымыз өкпені желдету аппараттарында қазіргі уақытта жатыр.

Ал, ел бойынша қазір 6 млн-нан астам адам екпенің екі компонентін де салдырған. Бұл вакцина алуы тиіс халықтың 60%-і. «Ендігі мақсат – бұл көрсеткішті 70-80%-ке дейін жеткізу», - дейді, штаб мүшелері. Өйткені қалыпты өмірге қайтуға сеп болатын бірден-бір амал – екпе алу. Ал, бұл межеге жету жолында еріктілер де тер төкпек.

Олеся Баимова, волонтер:

- Бүгінгі таңдағы біздің міндетіміз – вакцинация тақырыбындағы түрлі ақпараттардың ақ-қарасын ажыратып, қарапайым халыққа дұрыс мәлімет беру. Біз ешкімді мәжбүрлемейміз және осы қызметіміз үшін ешкімнен ақы да талап етпейміз. Мақсатымыз – ел игілігі үшін еңбек ету.

Ал, Ақмола облысында қазір 236 мың адам толық вакцинациядан өткен. Бұл шамамен 57%. Штаб өкілдерінің сөзінше, өңірде екпе алу екпінін төмендетпеу қажет. Ол үшін ақпараттық түсіндіру жұмыстарын үдету керек.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный