Еліміз тәуелсіздік алған 30 жылда қай қалада қанша үй салынды?

Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде еліміздегі кей қалалар адам танымастай өзгерді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Зәулім ғимараттар бой көтерді. Жаңа нысандар ашылды.Тоқсаныншы жылдардың тоқырауына төтеп бере алмай қалған шағын шаһарларда да тіршілік қайта жанданды. 1991 жылдан бастап қазірге дейін миллионға жуық тұрғын үй салыныпты.

Еліміз тәуелсіздік алған 30 жылда қай қалада қанша үй салынды? Ірі шаһарлардың келбеті қалай өзгерді? Мамандармен бірге саралап көрдік. Мысалы, осыдан 30 жыл бұрын елорданың сол жағалауы иен дала еді. Мына зәулім үйлердің орны қамыс қаптаған саз болатын.

Серік Рүстембеков, ҚР Еңбек сіңірген сәулетшісі:

- Ол жерде бау-бақша болды. Онда Комсомол, Заречный және Тельман Кенттері болатын. Сол кезде шағын жер үйлерде 50-200 адам ғана тұратын.

Мұндағы көп қабатты ғимараттардың бәрі оң жағалауда орналасқан. Ұсынылатын бас жоспар да ескі еді. Тоқсаныншы жылдары құрылыс зауыттары жабыла бастады. Сол кезде отандық мамандар әмбебап әдістерге жүгінді. Олар жаңа астананың жаңа бейнесін қалыптастыруға кірісті.

Серік Рүстембеков, ҚР Еңбек сіңірген сәулетшісі:

- Ғасырлар бойы сынақтан өткен кірпіш материалын қолдандық. Кірпішпен 12 қабаттық үйлерді салуға мүмкіндік болды. Ал, қасбетті ғимараттарға ішінара пайдаланылды.

Ал, елімізде 1991-2020 жылдар аралығында 936 223 тұрғын үй салыныпты. Ең көбі Түркістан облысында. Құрылыс қарқыны 2006-2010 жылдары үдей түскен. Ол кезде 217 мыңға жуық ғимарат қолданысқа берілген.

Әзімбек Нәлібаев, ҚР ИИДМ Құрылыс комитеті басқармасының басшысы:

- Тәуелсіздік жылдары қаржыландырудың барлық көздері бойынша шамамен 170 миллион шаршы метр жаңа тұрғын үй салынды. 1,5 миллионнан астам отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартуға мүмкіндік алды. 1991 жылдан бастап тұрғын үй құрылысына салынған инвестициялар 11,5 триллион теңгеден асты.

Тағы бір мысал. Тәуелсіздік жылдарында Алматы облысының картасында жаңа Райымбек ауданы пайда болды. Мұнда жыл өткен сайын тұрғындар саны да құрылыс қарқыны да артып келеді. Қазірдің өзінде халық саны 40 мыңнан асады.

Әміре Арын, ақын:

- Қазақ халқы ежелден өз шекарасын сақтап келді, Райымбек ауданын қайта құру шешімі - бұл стратегиялық қадам. Қазір белсенді өзгерістердің арқасында экономика дамуда, жаңа кәсіпорындар және тиісінше жұмыс орындары пайда болуда. Ең бастысы, жастар Нарынқол өңірінің дамуына өз үлестерін қосу үшін қайтып келеді.

Отандық құрылысшылар құрылыс материалдарын пайдаланып қана қоймай, оны сапалы өндіруді де үйренді. Жаңа құрылыс бой көтерген сайын оның қаспетінің де әрленуіне мән беріледі. Түрлі архитектуралық пішіндер мен безендірудің сан түрін көруге болады.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Марк Брюшко