Ақтөбе облысындағы Жем қаласының тіршілігі қайта жанданып келеді

Тоқсаныншы жылдардың тоқырауына төтеп бере алмай қалған шағын шаһарлардың тіршілігі қайта жанданып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен Ақтөбе облысындағы Жем қаласына биылдың өзінде он отбасы оралыпты. Қаңырап қалған үйлер қайта жөнделіп, тұрғындарға үлестіріліп жатыр. Тәуелсіздік жылдары барлық әлеуметтік нысан мен баспаналар көгілдір отын мен ауыз су желісіне қосылып, орталық жылу жүйесі жүргізілді. Өндіріс орны көптеп шоғырланған Мұғалжар ауданындағы елді мекеннің болашағы зор.

Қуантай Махамбетов Жем қаласының гүлденуі мен тоқырауының, одан кейінгі қайта жаңғыруының куәгері. Ширек ғасыр бұрын көшіп келген тұрғын Ресейдің меншігіндегі әскери полигонда еңбек етіпті. «Кеңестік үкіметтен қалған гарнизон басшылығы тек қарулы күш сынақтарына көңіл бөліп, елді мекеннің дамуын ескерусіз қалдырды», - дейді ол. Ал одақ ыдыраған соң жағдай тіптен мүшкіл болған.

Қуантай Махамбетов, Жем қаласы тұрғыны:

- Полигон құлағаннан кейін бәрі тарап кетті ғой. Тарағаннан кейін қиын болды. Айтатыны жоқ. Жұмыс жоқ. Газ жоқ болды. Мына кухняның ортасына буржуйка қойып, отдушникке мұржасын қоямыз да өмір сүрдік. Ағаш жарып. Ағаш жоқ қой. Жан жақтан аламыз. Үйлерді бұзып жүрдік.

Үдере көшкен тұрғындардың артында тек баспаналары ғана қалған. Сол тарихи кезеңнің ескерткіші боп көп қабатты үйлер әлі күнге дейін қаңырап тұр. Жергілікті билік бұл пәтерлерді қайта жөндеуді көздеп отыр.

Жұматай Бисенов, Жем қаласының әкімі:

- Осы үйлерді біз өзіміздің иелігімізге алып, барлық құжаттарды заңдастарып жатырмыз. Егерде сол адамдар қазір пәтерге, үйге мұқтаж болған жағдайда осы үйлермен қамтамасыз етеміз бе деп жоспарлап отырмыз.

Жалпы шаһарда 20 көп қабатты үй бар. Оның жартысы бос тұр. Есік-терезесі мен шатырын ретке келтірсе, өмір сүруге сайлы пана болмақ. Сараптама сан жылдардың өткеніне қарамастан ғимараттардың қабырғасына сызат түспегендігін көрсетті. Сұраныстың болатындығына жергілікті халықтың сенімі мол. Себебі соңғы уақытта көшіп келушілер қатары артқан. Солардың бірі - Марал Қуанышбай. Жоғары оқу орнын биыл ғана тәмәмдаған жас маман еңбек жолын Жем қаласынан бастауды жөн көрген.

Марал Қуанышбай, жас маман:

- Өзімнің ауданымды жұмыс жасағым келді, біріншіден. Содан кейін осы жерге келіп, еңбек жолымды ең алдымен осындай шағын қаладан бастағым келді. Және де осы жаққа келу мақсатым - оқушылардың білімін көтеру, өзімнің бар білгеніммен бөлісу, үйрету. Олардың деңгейлерін 1-2 сатыға болса да көтеру.

Мұндағы бала саны келер жылы екі есеге артуы тиіс. Жем қаласына еліміздегі үлкен әскери бөлімнің біреуі қоныс аударады. Жоспарға сай 1300 әскери отбасы келеді деп күтіліп отыр. Бұл да кенже қалған шаһардың дамуына айтарлықтай үлес болмақ.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Баспанаға мұқтаж әлеуметтік әлсіз топтарды айтпағанда сарбаздарға деп 195 пәтер әзірленген. Солардың бірі - мына бес қабатты үй. Барлық коммуналдық желісі бар, өмір сүруге толығымен жағдай жасалған. Мамандар санаулы күннен кейін жылудың да берілетінін айтып отыр.

Биліктің ендігі мақсаты - елде шағын және орта бизнесті дамытып, ауыл шаруашылығына көңіл бөлу. Себебі Ресейдің меншігінен қайтарылған, әскери полигонға тиесілі 250 мың гектар жер шөп шауып, мал жаюға тиімді. Бұл да болса, өңірдің экономикалық-әлеуметтік ахуалын оңалтуға қосымша сеп болары анық.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айбек Даутов