Биыл Маңғыстау облысында бизнесті дамытуға 1 млрд 200 млн теңге бөлінеді

Биыл Маңғыстау облысында бизнес ортаны дамытуға 1 млрд 200 млн теңге қарастырылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қомақты қаржы мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасы аясында бөлінді.

Бүгінде 154 азамат ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан жеке іс бастап, қолданыстағы кәсібін дамыту үшін несие алған. Нәтижесінде өңірде бұрын болмаған мал шаруашылығы фермалары, аспазхана, тігін шеберханалары мен басқа да кәсіпорындар жұмысын бастады.

Қала тұрғыны Марал Әліп көптен бергі арманына мемлекеттік бағдарлама қолдауымен жеткенін айтады. Көп балалы ана бөбекжай ашып, іскер әйел атанды. Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде 100-ден астам бала тәрбиеленеді.

Марал Әліп, бөбекжай директоры:

- Жолдасым екеуімізге 3 апта ішінде 10 млн теңге несие рәсімделді. Мемлекет қаржысын 5 жылда қайтарамыз. Есепші ретінде өте тиімді пайызбен берілді деп айта аламын. 17 шағын ауданнан ғимарат жалдап, бөбекжай аштық. 10 адамды тұрақты жұмысқа алдық.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы берілетін несиелер жеке бизнесті ашуға немесе кеңейтуге мүмкіндік береді. Қаражат 6,5 жылға дейін мерзімге 6% мөлшерлемемен беріледі. Аз қамтылған және көп балалы отбасылар үшін бүл үстеме 4%-ке дейін төмендетілген.

Шолпан Дүйсенбаева, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Маңғыстау филиалының бөлім басшысы:

- 3 бағытпен несие береміз. Мал шаруашылығы және кәсіпкерлікті дамыту, үшінші бағыты - егін шаруашылығы. Мал шаруашылығына 4 млн теңгеге дейін несие ала алады. Несие алушы Ақтау қаласында тіркелген болса, 20 млн теңге. Жаңаөзен қаласында 16 млн теңгені құрайды.

Бағдарламаға қатысу үшін бизнес негіздеріне баулу курсын оқу керек. Толық құжаттар топтамасы ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының жергілікті филиалына тапсырылады. Жыл соңына дейін облыста 120 млн теңгенің несиесі үлестіріледі деп күтілуде.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев