Елімізде біліктілігі төмен қызметкерлерге сұраныс артты

Себебі, олардың жалақысы нарықпен реттеледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, дәмханада жұмыс істейтін даяшының табысы мұғалім мен дәрігерден көп. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжамы бойынша келесі жылдың алғашқы үш айында электрондық еңбек биржасында 1 миллионға дейін бос жұмыс орны болатын көрінеді.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

- Әлихан Рысбаев еңбек жолын 9 жыл бұрын қарапайым бариста болып бастады. Осы уақыт ішінде түрлі қызмет атқарып, кофехананың иесі дәрежесіне дейін жетті. Ол мұнымен тоқтамай, тағы 2 нысанда қосымша менеджер болып жұмыс істейді. Сондай-ақ кофе жөніндегі консалтинг компаниясын ашқан. Айтуынша, мейрамхана ісі және қонақ үй бизнесі мамандығын тәмамдаған. Алайда өз саласында жұмыс таппаған.

Алихан Рысбаев, кәсіпкер:

- Мен бариста саласын меңгеру үшін Барселона мен Мәскеуде өтететін курстарға қатыстым. Өз кәсіби шеберлігімді дамытып, 4 жылдан бері тренер-бариста болып қызмет атқарамын. Қазір кофе жөніндегі консалтинг компаниясын ашып, жаңадан ашылған кофеханалардың мәзірін өңдеймін. Кеңес беріп, дағдарысқа ұшырамаудың жолдарын айтамын. Осыған байланысты қазіргі табысым жақсы. Себебі, қазір бариста маманы тапшы.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының мәліметінше, елде даяшы (251 мың теңге) тәрбиешіден (104 мың теңге), мектеп мұғалімі (196 мың теңге) және дәрігерден (218 мың теңге) көп табыс табады. Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша құрылысшы да таяу жылдары сұранысқа ие мамандық болып қала береді. Мысалы бұл салада 2022 жылға дейін 36 мың бос орын болмақ.

Әйгерім Мырзалы, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ департаментінің жетекші сарапшысы:

- Біліктілігі төмен қызметкерлер неғұрлым күрделі жұмыс істеу арқылы жоғары білімді маманнан көбірек еңбекақы алуы байқалуда. Сол даяшылардың жалақысы нарықтық жағдайда белгіленеді. Ал мұғалімдер мен дәрігерлер бюджет қызметкерлері. Және олардың жалақысы бюджеттің мүмкіндігіне байланысты.

Электрондық еңбек биржасында қазір 147 мыңнан аса жұмыс орны бар. «Алдағы бірнеше жылда сұранысқа ие топтардың қатарына жылжымалы техникалардың жүргізушілері мен операторлары, күзетші, тігінші, бетоншы, дәнекерлеушілер кіреді», - дейді мамандар. Әзірге жұмыс күшіне деген қажеттілік Қостанай, Қарағанды облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында байқалады.

Олжас Мамырбаев, «Жаңа мамандықтар мен құзыреттер атласы» жобасының менеджері:

- Жаңа мамандықтар атласы Павлодар облысы бойынша 40 жаңа мамандық енгізілді. Таяудағы 10-15 жылдағы еңбек нарығындағы ұсыныстар көп болатын мамандықтар. Мысалы менеджер по надежности оборудование, специалист по правильному питанию. Болашақтағы ұсыныстарға әсер ететін бірнеше факторлар бар. Ол глобализация, цифровизация, демографиялық өгерістер болады. Және де технологияның дамуы барлығы өзгеріс енгізеді.

Еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықтар атласы 9 сала бойынша жасалды. Ол тау-кен металлургия кешені, мұнай-газ саласы, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, машина жасау, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар, энергетика, туризм және құрылыс. Зерттеу нәтижесі бойынша 239 жаңа, 95 өзгеріске ұшырайтын және 129 жоғалып бара жатқан сала анықталды.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Жарқын Мырзахан, Диас Қовланбаев