Батысқазақстандық шаруалар өздеріне берілуі тиіс субсидияны ала алмай жүр

Мал шаруашылығын дамыту және өнімділікті арттыру бағдарламасы бойынша өңірдегі шаруа қожалықтарынан 1 млрд 800 млн теңге көлемінде субсидияға өтінім түскен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл бұл мақсатқа облыс бюджетінен 2 млрд 200 миллион теңге бөлініпті. Алайда аталған қаржы шаруалардың қолына әлі тимеген.

Жаңақалалық шауалар тіршілік нәрінен де тарығып отыр. Соңғы бірнеше жыл бойы су түспеген бірнеше өзен-көл мүлде құрғап қалды. «Мал басын көбейтіп, тұқымын асылдандырсақ дейміз. Бірақ өзімізге берілуі тиіс қаражатты ала алмай отырмыз», - деп налиды шаруалар.

Талғат Байкенов, шаруа қожалығының басшысы:

- Мына су мәселесі мен мал азығы өте ауыр болып тұр. Төртінші жылға кетті біздер осы жағдайдың қиын болып жатқанына. Төртінші жыл бойы біз күресудеміз. Жаз бойы су тасып жатырмыз.

Асыл тұқымды мал сатып алғандар мен бордақылау алаңдарына мал тапсырғандар бұл мәселе тездетіп шешілсе дейді. Әбден қиналған шаруаның бірі - Жаңақала ауданының тұрғыны Әділхан Бөкенов. Ол былтыр көршілес Ақтөбе облысынан 120 бас асыл тұқымды сиыр сатып алған.

Әділхан Бөкенов, шаруа қожалығының басшысы:

- Аналық малға берілетін 150 мыңды әлі күнге дейін қолыма тигізе алмай отырмын. Не себепті тимейді? Жалғыз мен емес, осы жерде 40 шақты қожалық бар. Олардың бәрі ала алмай отыр.

Мемлекет мал басын асылдандыруға мүдделі. Соған орай өңірдегі шаруа қожалықтарына облыс бюджетінен 2 млрд 200 миллион теңге бөлініпті. Бұл қаражат субсидия ретінде төленуі тиіс еді. Осы мақсатта қабылданған облыс әкімдігінің қаулысы әділет органдарына жолданған. Осы материалды дайындау барысында білгеніміз, аталған қаулы енді ғана тіркеліпті.

Жасұлан Халиуллин, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Субсидия төлемес бұрын бюджеттен бөлінген қаражатты қай бағытта, қай нормативпен, қалай төленуі керектігі туралы облыс әкімдігінің қаулысы қабылдану керек. Бұл қаулы әділет органдарында тіркеуде. Соңғы өзгерістерге сәйкес нормативтік-құқықтық акт бұрын өңірлерде Әділет департаментімен сол жерде тіркелетін болса, қазір соңғы өзгерістерге сай орталық деңгейде, Әділет министрлігінде бұл жұмыстар жүргізіледі.

Асыл тұқымды мал басын сатып алған шаруалардың барлығы да екінші деңгейлі банктерден несие алған. Енді олар не қарызын өтей алмай, не қысқы мал азығын қамдай алмай дал болдық дейді. Айта кету керек, қазір облыстың оңтүстік аудандарында жем-шөп бағасы шарықтап барады. «Және бұл жылда қайталанатын жағдай», - дейді шаруалар.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов