Түркияда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған естелік монета шығарылды

Түркияның Теңге сарайы Қазақстанға арналған естелік тиындар шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бауырлас мемлекет, осылайша, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнап құрмет көрсетті.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Түркияның сонау XV ғасырда құрылған Теңге сарайы алғаш рет Қазақстанға арнап ескерткіш монетасын шығарып, салтанатты түрде таныстырды. Шараға Түркияның зиялы қауым өкілдері мен журналистер қатысты. Күмістен жасалған монетаның дизайнын Теңге сарайымен бірге Қазақстанның Ыстамбұлдағы Бас консулдығы бірлесіп әзірлепті.

Әлім Байел, Қазақстан Республикасының Ыстамбұлдағы Бас консулы:

- Қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына қатысты ерекше тарихи белгі қалдырғымыз келді. Ұсынысымызды Түркияның Теңге сарайы қуана карсы алды. Мына әзірленіп отырған монета Түркияның Қазақстанға тәуелсіздігімізге, мемлекеттігіміздің деген ерекше құрметінің, ілтипаттылығының көрсеткіші. Осы ретте Ыстамбұлда Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған мерекелік іс- шаралардың жалғаса беретінін айтқым келеді.

«Ескерткіш ақшалар» сериясының монеталары айналымға бүгін жіберілді. 925 сынамалы күміс монетаның салмағы - 31 грамм, диаметрі - 38 мм. Мерейтойлық ақшалар 3 мың дана болып айналымға түсті. Proof сапалы монеталар тек коллекциялық бағамен сатылмақ. Сый-кәде орамасына салынатын бұл ақшалар Түркия Теңге сарайының түрік тіліндегі номерлік сапа сертификатымен қамтамасыз етілмек.

Абдуллаһ Ясир Шахин, Түркия Теңге сарайының директоры:

- Османлы уақытында негізі қаланған Теңге сарайы ғасырлар бойы еліміздің ақшасы, куәлік, паспорт, мемлекеттік медальдар мен бағалы қағаздарды басып шығаратын мекемесі болды. Бүгін, міне, тұңғыш рет Қазақстанға арнап естелік монетасын шығарып отырмыз. Бауырлас ел Қазақстанның тәуелсіздігін атап өту біз үшін де үлкен мәртебе. Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын.

Меруерт Қанағат, тілші:

- Монетаның бірінші бетінде Қазақстанның мемлекеттік туы мен түрікше «Kazakistan Bağımsızlığının 30. yılı», яғни, «Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы» деп жазылған. Сырт жағында Қазақстанның картасы бейнеленген. Ал, картаның ішінде латын әріптерімен қазақша «Qazaqstan» жазуы орын алыпты. Сондай-ақ картада қазақ жеріндегі бірқатар тарихи мемлекеттердің атаулары түрікше біріліпті. Атап айтқанда, олар: сақтар, ғұндар, Түрік қағандығы, Алтын Орда мен Қазақ хандығы. Реверстің үстінгі жағында Орхон-Енисей ескерткіштеріндегідей көне түркі жазуымен «Түрік» деген жазуы тұр. Монетаны жасаушылар, қошқармүйіз оюымызды да ұмытпапты. Айта кетерлігі, ескерткіш монеталарының белгіленген құны -20 түрік лирасы. Дегенмен, түрік бауырларымыз Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай құнын да 30 лира деп өзгертіпті. «Туыстың қадірі тойда білінер» деген осы болар.

Авторы: Меруерт Қанағат