Асқар Мамин Алматыны селден қорғайтын су қоймалардың жай-күйімен танысты

Үкімет басшысы Асқар Мамин жұмыс сапарымен Алматы қаласына барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Премьер-министр әуелі мегаполисті селден қорғайтын су қоймалардың жай-күйімен танысып, жаңадан салынып жатқан бөгеттерді аралады. Қазір мұнда «Аюсай» және «Ақсай» бөгеттері және «Қарғалы» су тарату торабының құрылысы жүріп жатыр. Жоспар бойынша «Аюсай» бөгеті 2022, ал «Ақсай» бөгеті 2023 жылы пайдалануға берілуі тиіс.

Кеңесжан Күнесбай, «Қазселқорғау» ММ қалалық бөлімшесінің басшысы:

- «Аюсай» бөгеті 2,3 миллион текше метр суға есептелген. Биіктігі 40 метр. Ал «Ақсай» тоғаны 7 миллон текше метр суға арналған. Биіктігі 70 метр. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл бөгеттер 3 мыңнан астам нысан мен Алматы қаласының 40 мыңдай тұрғыны бар ауданды тасқыннан қорғай алады.

Сапар барысында Асқар Мамин қаладағы Жылу электр орталықтарын жаңғырту барысымен танысты. Қазір мұнда ауаға бөлінетін улы газды азайту мақсатында көмірден газга көшу жұмыстары жүріп жатыр. Жаңғырту аясында зиянды газдың үлесі 9 есе кемиді. Сондай-ақ орталықтың электр қуатын шығару мүмкіндігі сағатына 1300 мегаватқа дейін көбейеді. Жоспар бойынша жаңғырту жұмыстарының алғашқы кезеңі 2023 жылдың соңында аяқталады. Премьер-министр жұмысты мерзімінен кешіктірмеуді тапсырып, қаладағы индустрияалдық аймақты аралады. Мұнда ет өңдеу зауыты мен энергиялық тиімді сәулет қасбетін шығаратын зауытқа ат басын бұрып, өндіріс барысымен танысты. Бұған қоса, шаһардағы туристік орындарды аралап, ондағы жағдайды көрді. Биыл 7 айда қаланың туризм саласына 57 миллиард теңгедей инвестиция құйылған.

Сабина Аманкелді, қалалық туризм басқармасының басшысы:

- Кейінгі кезде тауға саяхаттаушылар саны көбейіп жатыр. Бірақ кейбірі жолдан адасып қалады. Шатқал арасында байланыс жоқ. Сондықтан біз туристер көп баратын бағыттарға шатырлар тігіп жатырмыз. Онда адамға ең қажетті негізгі заттар болады. Сонымен қатар кейінгі үш жылда 500 шақырым жерге инфрақұрылым жеткізілді. Яғни шатыр, жол нұсқайтын бағандар барлығы бар. Биыл 72 шақырым жерге осындай жұмыстар жүргізіледі. 1000 шақырым жер цифрлық жүйеге енгізілді.