Түркістан облысында ауыз су тартылмаған 124 елді мекен бар

Түркістан облысында әлі күнге дейін тіршілік нәрі тартылмаған 124 елді мекен бар. Суды тасып ішіп отырған ауылдағы ағайынның коммуналдық мәселесі көп жылдар бойы бұқара халықтың бас ауруына айналды. Мұндай қиындық әлі күнге дейін Төле би ауданындағы елді мекендерде де кездеседі.

Төле би ауданында 55 елді мекен бар. 600-ден астам халық қоныстанған Нысанбек ауылында тіршілік нәрі басты мәселе. Тұрғындар суды тасып ішіп келді. Кейбіреуі үйді үйге тау бұлағынан құбыр тартып алған. Таза ауыз судан тарыққандар осылайша күнелтіп келді.

Түймебек Аюбаев, Нысанбек ауылының тұрғыны:

- Бұда ешқандай фильтр жоқ тұғын. Өзі ағып келетін суды ішетінбіз. Көбіне ол су ауылға жетпейтін тұғын. Біраз жерінде азғантай боп қалады. Біраз жерінде көп болады. Құдай қаласа, су өте жақсы болады деп ойлап жатырмыз.

Биыл бұл ауылда құрылыс қызды. Әр үйге су құбыры тартылып, ішкі инфрақұрылым жаңартылды. 300 текше метр су сақтайтын орын бой көтерді. Оны сүзгіден өткізетін заманауи кешен құрылысын жоспарға қосты.

Аудандағы өзге де ауылдарды таза ауыз сумен толық қамту ісі әлі де қажет етеді. Ал жалпы Түркістан облысындағы 841 елді мекеннің 717-сіне таза су құбыры тартылыпты. Оның жетеуі қала, қалған 710-ы ауылды аймақ. Ауыз судың азабынан арыла алмаған шалғай аудандардың бұл мәселесін шешу үшін биыл бюджеттен 12 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл бағытта 60 нысанның құрылысы жүргізілмек. Алайда алыс орналасқан аймақтарға су көзін тарту қиындық тудыруда, - дейді мамандар.

Бақытжан Полатбеков, облыстық энергетика және ткш басқармасы басшысының орынбасары:

- Бізде алыс елді мекендер бар. Сол елді мекендерге әлі зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Құдай қаласа, зерттеу жұмыстарын 1-2 жылда бітіріп, су береміз. 

Облыстық басқарманың мамандары бұл мәселені алдағы 4 жылда шешеміз деп отыр. Яғни 2025 жылға дейін облыс халқы толық ауыз сумен қамтылып, тіршілік нәрінен тарықпайды дейді. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов

Сондай-ақ...