Электронды үкімет порталы көру қабілеті нашар жандар үшін қолжетімсіз

Электронды үкімет порталы барлық қазақстандыққа қолжетімді емес. Мысалы, көзі нашар көретін азаматтар қажетті құжаттарын өздері рәсімдей алмайды. Олар үшін электронды цифрлық қолтаңба алудың өзі мұң. Бұл қиындықтар әсіресе карантин кезінде айқындала түскен.

Марина Шапочникова бірінші топ мүгедегі. Көзі нашар көреді. Карантин кезінде үйде отырған ол біраз қиындыққа тап болғанын айтады. Оған көмекшісі жоқта электронды үкімет порталы арқылы құжат рәсімдеу мұң болған. 

Марина Шапочникова, бірінші топ мүгедегі:

- Біздей көзі көрмейтін адамдар үшін өте қиын. Порталға кіру ыңғайсыз. Әлі де жетілдіру керек. Бізге қолдануға жеңіл болса дейміз. Тым болмаса, дыбыстық нұсқаулық болса жақсы болар еді. Смартфон арқылы да мұндай қызметтерді түгел алу мүмкін бола бермейді. Көмекшіні әурелей бере алмаймыз ғой.

Цифрлық жүйелердің игілігі көп-ақ. Алайда мүмкіндігі шектеулі жандар өздерін бұл жақсылықтан мақұрым қалғандай сезінеді. Зағип жан, диджитал-инклюзия жөніндегі сарапшы Зият Абдыкаимов құқығын қорғау үшін талай есікті қақты, түрлі алаңда сөз алды. Тіпті электронды үкімет сайтын жетілдіруге арналған жобаларға қатысқан. Нәтиже шамалы.

Зият Абдыкаимов, диджитал-инклюзия бойынша сарапшы:

- Сандық жүйелердің бәрі көзі көрмейтін азаматтар үшін қолжетімді емес. Egov порталын қолдана алмағандықтан көпшілік жергілікті және орталық мемлекеттік органдар ұсынған қызметтерді уақытылы ала алмады. Кедергі өте көп. Мен мемлекеттік органдардың сайты, электронды үкімет, сандық қосымшалар біз сияқты зағиптар үшін ыңғайлы болғанын қалаймын. Ол бағытта күресті жалғастыра беремін.

Электронды үкімет порталында 700-дей мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Оның 22-сі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған. Бір қарағанда зағип жандардың да жағдайы жасалған сыңайлы. 

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Электронды үкімет порталындағы нашар көрушілер режиміне өту тетігі міне мынау. Бірақ көзі жақсы көретін мен үшін де бұл бірден байқалды дей алмаймын. Жарайды, ішіне кіріп көрейік. Міне үш өлшемді қаріп түрлері бар. Ең үлкенін таңдасақ, анау айтқандай өзгеріс байқалмайтын сияқты. Көзі көрмейтін жандар үшін мынадай белгілердің маңызы зор екен. Оның өзін таңдау керек. Өшіріп, қосу арқылы. Бұл әрине уақытты алады. Осы ретте мына электронды ассистенттің көмегі бола ма екен тексеріп көрейік. Бұдан да қайыр жоқ. Демек, электронды порталды жетілдіру керек деген наз орынды. 

Ал азаматтарға арналған үкімет корпорациясының өкілі порталдың мобильді нұсқасын пайдалануға кеңес береді. 

Бекболат Молдабеков, ҚР ЦДМ Мемлекеттік қызметтер комитеті төрағасының орынбасары:

- Бізден керекті біз егов мобайлға салдық.  Оның бәрі дайын тұр. Егов мобайлда ешқандай проблема жоқ. Еговта иә бар. Қазір үлкейтуге болады. Бірақ келесі жылы сіз айтқандай түсін өзгерту, жақынырақ көбейту, сондай нәрселерді өзіміздің жоспарымызға қойдық.

Президент кезекті жолдауында қызмет түрлерін түгел цифрландыруды тапсырды. Ол уақыт талабы. Тек елдегі зағип және көзі нашар көретін 89 мың адам оның қолжетімді болуын тағы біраз күтетін сияқты.

Мерей Мұратханқызы, Жарқын Мырзахан