Алматыдағы Алғабас шағын ауданының мәселелері шешімін таппай келеді

Алматының Алатау ауданына қарасты Алғабас шағын ауданы қалаға 2014 жылы қосылған. Содан бері 7 жыл өтсе де, шағын ауданның инженерлік желілері әлі толық жүргізілмеген. Сол себепті жолы да ойқы-шойқы. Ал көшедегі жарық мәселесі тұрғындардың бас ауруына айналған. Кеш батса, далаға шығу мұң.

Маржан көшесінің тұрғындары жауын-шашын басталса, «қопарылып жатқан жолмен қалай жүреміз» деп уайымдайды. Жаңа құбырлар тартылғанымен жерді қазу жұмыстары барысында ескілері жарылып, шұңқырларға су жиналуда. Ал жаңа тартылған құбырлардың сапасы да күмәнді екен. 

Әсет Сыздықов, Алғабас шағын ауданының тұрғыны:

- Желілерге тартылған жаңа су құбырлары стандартқа сәйкес келмейді. Яғни сапасы нашар әрі жер бетіне бекітілген нормадан жақын орналастырылған. Сондықтан көшемен ауыр жүк көліктері жүргенде салмақ түсіріп, құбырлар жарылады. Осы үшін көп көшеге асфальт төселмей жатыр.

Алғабас шағын ауданында мүлде жарығы жоқ көшелер де бар. Электр желілерін жүргізу өткен жылы ғана қолға алынған. Ал жартылай жарықтандырылған көшелерге қатысты жобалық-сметалық құжаттамада электр бағандары ауыстырылады деп көрсетілген. Алайда жұмыстың нәтижесі жобамен сәйкес келмейді.

Әсет Сыздықов, Алғабас шағын ауданының тұрғыны:

- Порталда көрсетілген тендерлік құжаттарға сәйкес, сметада электр бағандары қарастырылған. Яғни жарық беруші құралдарымен бірге. Ал шын мәнінде бағандар барлық жерге орнатылған жоқ. Ескі ағаш бағандардың басына жарық беретін құрылғы ғана  қойылды.

Әсет Сыздықов осы мәселе бойынша тұрғындардың атынан қалалық энерготиімділік басқармасына хат жазған.

Басқармадан бір ай ішінде ағаш бағандар, темір бағанға ауыстырылады деген жауап келген. Алайда басқарманың баспасөзге жауапты маманы ресми хатты «қате жауап» деп, қысқа қайырды.

Ал жергілікті әкімдік тапсырыс беруші қалалық энерготиімділік басқармасы деп отыр.

Ертіс Бесіров, Алатау аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

- Екінші мәселесі бар, жартылай жарықсыз дейді, мысалы, мына көшенің басында бір-екі жерінде ғана опораға жарық қойылған. Қалған жағында жоқ. Ондай 515 көше болған. Олардың тапсырыс берушісі жаңағы айтып өткен қалалық энерготиімділік басқармасы бұл жұмыстарды да  осы қараша айының басында бастап, келесі бірінші жарты жылдыққа шейін толық аяқтаймыз деп отыр аудан бойынша.

Алғабас ықшамауданында инженерлік желілердің құрылысы 2022 жылы аяқталады деп жоспарланған. Ал жол төсеу 2023 жылға дейін созылады. 

Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев